Үкімет Ұлттық қордан тағы 12 трлн теңге алмақ: ақша қайда жұмсалады?

Үкімет Ұлттық қордан тағы 12 трлн теңге алмақ: ақша қайда жұмсалады?
Фото: Үкімет

Үкімет алдағы үш жылда Қазақстан экономикасы жыл сайын 5 пайыздан астам өсіп, инфляция біртіндеп баяулайды деп болжап отыр. Сондай-ақ 2029 жылға қарай Ұлттық қордың валюталық активтері 70,6 млрд долларға жетеді деген есеп бар. Алайда мемлекет осы кезеңде Ұлттық қордан шамамен 12 трлн теңге немесе 26,2 млрд доллар алуды жоспарлаған. Бұл қаражат не үшін жұмсалады және былтыр мақсатты трансферттерден бас тартуға уәде берген билік жоспарын неге өзгертті? Сейсенбіде өткен Үкімет отырысында шенеуніктер Қазақстан экономикасының 2027–2029 жылдардағы даму бағытын көрсететін бірнеше маңызды құжатты таныстырды, деп хабарлайды dalanews.kz time.kz-ке сілтеме жасап.

"Сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастырады. Базалық сценарийге сәйкес, 2027–2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсімі 5 пайыздан жоғары болады деп болжанып отыр", - деді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші мұнай емес, мұнайдан тыс сектор болмақ. Үкіметтің болжамынша, әсіресе өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және байланыс салалары қарқынды дамиды.

Инфляция 2027 жылы 9,5 пайызға жетуі мүмкін

Үкімет 2027 жылы инфляция деңгейі 9,5 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін болжап отыр. Ал 2028–2029 жылдары баға өсімі 6–8 пайыз аралығында болады деп жоспарланған.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, былтыр қыркүйекте 12,9 пайызға жеткен инфляция кейін 10,2 пайызға дейін төмендеген. Бағаның өсу қарқыны он ай қатарынан баяулап келеді. Ұлттық банк мұны бірқалыпты қатаң ақша-кредит саясатымен және теңгенің нығаюымен байланыстырады.

Реттеуші нарықтағы ақша көлемін шектеуді жалғастырмақ. Артық ақша массасын азайтып, инфляцияны тежеу үшін экономикадан шамамен 4,1 трлн теңге алу жоспарланған.

Бюджет шығысы 30 трлн теңгеден асады

2027 жылы республикалық бюджеттің шығысы 30,2 трлн теңгеге жетпек. Бұл биылға жоспарланған көрсеткіштен 2,5 трлн теңгеге көп.

Қаражаттың ең үлкен бөлігі дәстүрлі түрде әлеуметтік салаға жұмсалады. 2027 жылы бұл бағытқа 10,5 трлн теңге немесе бюджет шығысының 34,9 пайызы қарастырылған. Бұл сомаға әлеуметтік төлемдерді индекстеу және оны алушылар санының өзгеруі де енгізілген.

Экономиканың нақты секторын қолдауға 3,9 трлн теңге бөлінбек. Қорғаныс және құқық қорғау салаларына 3,3 трлн теңге қарастырылған. Бұл қазіргі жоспардан 257 млрд теңгеге көп. Тағы 787 млрд теңге әкімшілік мемлекеттік органдарды ұстауға жұмсалады.

Бюджет жобасында Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің қызметіне арналған шығындар да жеке көрсетілген. Сонымен қатар Үкімет резервіне 370 млрд теңге қарастырылып отыр.

Алайда мемлекеттің шығысы кірісінен жоғары болады. Мәселен, 2027 жылы бюджетке 25,6 трлн теңге түседі деп жоспарланса, шығыс көлемі 30,2 трлн теңгеге жетеді. Екеуінің арасындағы айырма 4,5 трлн теңгеден асады. Үкімет бюджет тапшылығын алдағы жылдары біртіндеп қысқартуға уәде беріп отыр.

Ұлттық қор қайтадан бюджеттің негізгі қаржы көзіне айналады

Үш жылдық бюджеттегі басты мәселенің бірі – Ұлттық қор қаражатын пайдалану. Үкімет 2027–2029 жылдары қордан бюджетке шамамен 12 трлн теңге аударуды жоспарлап отыр.

Оның 7,36 трлн теңгесі үш жылға арналған кепілдендірілген трансферттер болса, тағы 5 трлн теңгесі мақсатты трансферттер ретінде алынбақ.

Кепілдендірілген трансферт – белгіленген тәртіп бойынша Ұлттық қордан бюджетке жыл сайын аударылатын қаражат. Ал мақсатты трансферттер нақты жобалар мен міндеттерді қаржыландыру үшін қосымша бөлінеді. Сондықтан бұл жердегі ең маңызды көрсеткіш – 5 трлн теңге. Өйткені ол әдеттегі жыл сайынғы аударымнан бөлек алынатын қосымша қаражат.

"Үкімет 2027–2029 жылдары Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемін 5 трлн теңгеге ұлғайтты. Бұл қаржы әлеуметтік, коммуналдық, энергетикалық және көлік инфрақұрылымы нысандарын салуға бағытталады", - деді Тимур Сүлейменов.

Үкімет былтыр мақсатты трансферт алмайтынын айтқан

Былтыр билік Ұлттық қорды пайдалану бойынша басқа жоспар ұсынған еді. 2025 жылғы тамызда Үкімет 2026–2028 жылдары бюджетке Ұлттық қордан мақсатты трансферт алу қажет болмайды деп мәлімдеді.

Сол кезде Серік Жұманғарин бюджет кірістері мен шығыстарының көрсеткіштері тек кепілдендірілген трансферттермен шектелуге мүмкіндік беретінін айтқан. Алайда бір жылдан кейін Үкімет Ұлттық қорға қатысты жоспарын өзгертті.

Бұл шешім жаңа саяси мәлімдемеден кейін қабылданып отыр. Құрылтай сайлауы өткен күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдында көптеген міндет тұрғанын айтып, Қазақстанды, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салынатын үлкен құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы мақсатқа Ұлттық қор қаражатын пайдалануға дайын екенін жеткізді.

"Ақшаны шетелдегі құнды қағаздарда не үшін ұстап отырмыз? Оны халықтың игілігіне пайдалануға болады. Қаражатты қозғамай ұстап отыруға қарсымын. Бұл ақша халыққа, азаматтарымызға қызмет етуге тиіс", - деді Президент дауыс бергеннен кейін.

Осылайша, Ұлттық қордан алынатын қосымша 5 трлн теңге ел көлеміндегі әлеуметтік, коммуналдық, энергетикалық және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталмақ.

Ұлттық қордан шамамен 12 трлн теңге алынатынына қарамастан, Үкімет оның активтері өсе береді деп сендіреді. Бір қарағанда, бұл екі болжам бір-біріне қайшы көрінеді.

Алайда қордан алынған қаражаттың орны жаңа түсімдер есебінен толтырылмақ. Үкіметтің болжамынша, мұнай және басқа да кірістерден Ұлттық қорға 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге, ал 2029 жылы 5,7 трлн теңге түседі.

Дегенмен қордан бюджетке берілетін қаражатты есептегенде таза түсім көлемі әлдеқайда аз болады. 2027 жылы Ұлттық қордың таза кірісі 0,5 трлн теңгені, 2028 жылы 1,4 трлн теңгені, ал 2029 жылы 2 трлн теңгені құрайды деп болжанған.

Үкімет есебіне сәйкес, Ұлттық қордың валюталық активтері 2027 жылғы 65,2 млрд доллардан 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін ұлғаюы керек.