Қазақстанда халықаралық жарыстарға баратын спорт делегацияларының құрамы енді нақты норматив бойынша жасақталады. Жаңа тәртіп Туризм және спорт министрінің 8 шілдедегі бұйрығымен бекітілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған Жоғары аудиторлық палатаның 2020 жылғы Токио Олимпиадасына дайындыққа бөлінген қаражатқа жүргізген аудиті себеп болған. Тексеріс кезінде бір спортшыға қанша жаттықтырушы, дәрігер, массажист, психолог және штаб өкілі тиесілі екені нақты белгіленбегені анықталған. Бұған дейін делегация құрамындағы мамандар саны әр жарысқа жеке белгіленіп келген.
Енді жаттықтырушылар, медицина мамандары, штаб өкілдері мен ресми тұлғалардың саны спортшылар санына қарай белгіленеді. Бұл бюджет қаражатын тиімді жоспарлап, қажетсіз шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа талап Олимпиада, Азия ойындары және басқа да ірі халықаралық жарыстарға баратын Қазақстан делегацияларына қолданылады.