Қазақстан Үкіметі 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және республикалық бюджет жобасын мақұлдады. Тиісті шешім Үкімет отырысында қабылданды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов бюджет қаражатын барынша тиімді әрі уақтылы игеруді, ағымдағы шығыстардың ұлғаюына жол бермеуді және шығындарға қатаң бақылау орнатуды тапсырды.
«Маңыздысы, бюджет қаражатын барынша тиімді және уақтылы пайдалану, ағымдағы шығыстардың ұлғаюына жол бермеу, сондай-ақ шығындарға қатаң бақылау орнату қажет. Талқылау қорытындысын ескере отырып, 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мақұлдауды ұсынамын», - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне Үкімет аппаратымен бірлесіп, тиісті заң жобасын Құрылтайға енгізуді тапсырды. Жұмыстарды үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.
Үкімет мәліметінше, 2027 жылы әлеуметтік сала мен экономиканың нақты секторына 14,4 трлн теңгеден астам қаражат бағыттау жоспарланып отыр.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, 2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасындағы негізгі шығыс бағыттары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау және инфрақұрылымдық әлеуетті дамыту болады.
Әлеуметтік саланы қаржыландыруға 10,5 трлн теңге, яғни бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 34,9%-ы қарастырылған. Алушылар санының өзгеруі және әлеуметтік төлемдерді индексациялау ескеріліп, халықты қолдауға қосымша 739 млрд теңге бөлінеді.
«Экономиканың нақты секторын қолдауға арналған бюджет шығыстары 3,8 трлн теңгені құрайды. Бұл жалпы шығыстардың 12,9%-ы және ағымдағы жылдағы деңгейден 507 млрд теңгеге артық. Өсім негізінен ел экономикасы үшін жүйелі маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыруға байланысты. Жалпы, өңірлердің даму бюджеттерін ескергенде нақты секторды қолдауға жұмсалатын шығыстар шамамен 7 трлн теңгені құрайды», - деді Мәди Тәкиев.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2027-2029 жылдарға арналған бюджетте инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салуды қамтамасыз ету көзделген.
Олжас Бектенов әрбір жұмсалған теңгенің қайтарымын арттырып, қаржылық тәртіпті күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, экономикалық өсімнің белгіленген көрсеткіштеріне қол жеткізу және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты бақылауында.
«Мемлекет басшысы экономикалық өсім бойынша белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуді және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды тұрақты бақылауда ұстайды. Жеті айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 4,1%-ды құрады. Жыл қорытындысында ЖІӨ өсімін кемінде 5% деңгейінде қамтамасыз етуіміз қажет. Болжам экономикадағы қазіргі жағдайды, сыртқы даму факторларын, халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен сыртқы нарықтардағы ахуалға қатысты бағалауын ескереді. Республикалық бюджет туралы заң жобасы халықты әлеуметтік қамтамасыз ету міндеттерін шешумен және экономикалық өсімді ынталандырумен қатар макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауды ескере отырып қалыптастырылды», - деді Олжас Бектенов.
2027-2029 жылдарға арналған бюджет саясатының негізгі басымдығы инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу болып белгіленді. Мемлекеттік ресурстар халық алдындағы міндеттемелерді орындауға және өңірлерді дамытуға бағытталуы тиіс.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2027-2029 жылдарға арналған бюджеттердің негізгі басымдықтарының бірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу болып табылады. Барлық мемлекеттік органға елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының белгіленген параметрлеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бюджеттік бағдарламалардың барлық әкімшілерінің міндеті - жұмсалған әрбір теңгенің қайтарымын арттыру, қаржылық тәртіпті күшейту және ресурстарды мемлекеттік міндеттемелерді орындауға, экономиканы, өңірлерді және адами капиталды дамытуға бағыттау», - деп тапсырды Премьер-министр.