28 тамызда Құрылтайдың іске қосылуы Қазақстан Парламенті тарихындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев осылай деп бағалап, бұл өзгерістер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформалардың нақты институционалдық көрінісіне айналып отырғанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының пікірінше, соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалар Қазақстанның мемлекеттік институттарын қалыптастырудағы дербестігін күшейтті.
Ол бұл ретте «мағыналық егемендік» ұғымына ерекше тоқталды. Яғни мемлекет негізгі саяси институттарды құру мен шешім қабылдау жүйесін сыртқы үлгілерге емес, өз қажеттіліктері мен ұлттық ерекшеліктеріне сүйене отырып қалыптастырып келеді.
Әбішевтің айтуынша, түрлі геосаяси қауіп-қатерлер туралы болжамдарға қарамастан, Қазақстан маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдаудың өзіндік тетіктерін қалыптастыра алды. Сонымен қатар заң шығару жүйесі мен парламенттік дәстүрлер де біртіндеп орнығып, институционалдық жады қалыптасты.
«Бұл жүйелер ең алдымен Қазақстанның мүддесі мен ұлттық элиталарының сұранысына бағытталған», – дейді саясаттанушы.
Сарапшы қазіргі бір палаталы Парламент моделін жаңа тәжірибе ретінде бағалады. Оның айтуынша, 145 депутаттан тұратын бірыңғай палата форматы бұрыннан бері қолданылмағандықтан, уақыт өте келе оның тиімділігіне баға беріліп, қажет болған жағдайда жетілдіру жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар жаңа парламенттік модель бірқатар жаңашылдықтарды қамтиды. Мәселен, мемлекеттік органдардың өкілдері өз саласына қатысты депутаттық тыңдауларға міндетті түрде қатысуы тиіс. Бұл талаптан жалтаруға жол берілмейді. Ал депутаттардың қызметі нақты жазылған этикалық нормалармен реттелмек.
Ғазиз Әбішев Парламент құрылымын одан әрі дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның пікірінше, болашақта сегізінші комитет құрылуы мүмкін.
«Мысалы, цифрландыру және жаңа технологиялар жөніндегі комитет құрылса, бұл уақыт талабына сай шешім болар еді. Бұл сала өте қарқынды дамып келеді әрі жаңа сын-қатерлерге жедел жауап беруді қажет етеді. Әсіресе жасанды интеллект индустриясын тиімді реттеу мен ынталандыру үшін терең сараптама қажет», – деп жазды ол.
Саясаттанушының пікірінше, қазақстандық парламентаризмнің жаңа кезеңі ел тарихындағы ғана емес, әлемдік деңгейдегі маңызды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан алдағы уақытта жаңа саяси институттардың тиімділігі мен олардың қоғам сұранысына жауап беру қабілеті басты назарда болады.