Вице-президент лауазымына кім лайық: саясаттанушылар бес үміткердің есімін атады

Вице-президент лауазымына кім лайық: саясаттанушылар бес үміткердің есімін атады
Коллаж: Dalanews

Қазақстанда араға 30 жыл салып қайта енгізілген вице-президент лауазымына кім тағайындалатыны жақын күндері белгілі болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 23 тамызда өткен брифингте жаңа қызмет иесі қоғамға жақсы таныс тұлға болатынын айтып, оның есімі бір апта немесе он күн ішінде жарияланатынын мәлімдеді. Конституцияға сәйкес, вице-президент мемлекет басшысының тапсырмаларын орындап, Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда Мемлекет басшысының өкілеттігін де қабылдайды. Осыған байланысты Dalanews.kz редакциясы саясаттанушылар Асылбек Ізбайыров пен Толғанай Үмбетәлиевадан жаңа лауазымға лайық тұлғалар туралы сұрап білді.

Вице-президент қалай тағайындалады және қандай міндет атқарады?

Қазақстанда вице-президент институтын енгізу туралы бастама биылғы конституциялық реформаның негізгі жаңалықтарының бірі болды. Жаңа Конституция 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді.

Конституцияға сәйкес, вице-президентті Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен берілген келісім негізінде Президент тағайындайды. Ал оның нақты өкілеттік аясын Мемлекет басшысы белгілейді.

Заңда вице-президент қызметіне үміткерге қойылатын негізгі талаптар да нақты көрсетілген. Бұл лауазымға Қазақстан Республикасының азаматы болып саналатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, ел аумағында кейінгі 15 жыл бойы тұрақты тұрған және жоғары білімі бар азамат тағайындала алады.

Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді. Сондай-ақ оған Президент айқындайтын өзге де міндеттер жүктеледі.

Егер Президент қандай да бір себеппен қызметін жалғастыра алмаса, Мемлекет басшысының өкілеттігін алдымен вице-президент қабылдайды.

Асылбек Ізбайыров не дейді?

Саясаттанушы Асылбек Ізбайыровтың пікірінше, “вице-президент” қызметі Қазақстанның саяси жүйесіндегі жаңа лауазым болғандықтан, оның нақты жұмыс бағыты әзірге толық қалыптасып үлгерген жоқ. Конституцияда міндеттері кеңінен көрсетілгенімен, болашақта қандай мәселелерге көбірек жауап беретіні Президент пен вице-президент арасындағы жұмыс бөлінісіне байланысты болатынын атап өтті. 

Сарапшының пікірінше, Мемлекет басшысының негізгі бағыты сыртқы саясат, геосаясат және геоэкономика болғандықтан, вице-президент ішкі саясат пен экономика мәселелеріне көбірек көңіл бөлуі мүмкін.

“Вице-президент – Қазақстанның саяси алаңындағы жаңа тұлға. Оның міндеттері әзірге айтарлықтай кең белгіленіп отыр. Президенттің орынбасары ретінде ол Мемлекет басшысы үлгермейтін немесе тікелей айналыса алмайтын міндеттердің бір бөлігін өз мойнына алуы керек деп ойлаймын. Қазіргі Президенттің негізгі бағыты, басым саласы – сыртқы саясат, геосаясат және геоэкономика. Сондықтан вице-президент ішкі саясат пен экономика мәселелеріне көбірек көңіл бөлуі мүмкін”, - дейді Асылбек Ізбайыров.

Оның айтуынша, мұндай міндетті атқаратын тұлға тек саяси тәжірибесі бар шенеунік болмауы керек. Ол ел экономикасының нақты жағдайын білетін, мемлекеттік аппараттың жұмысын ұйымдастыра алатын және өңірлердегі мәселелерден хабардар мықты әкімші болғаны жөн. Бұл талаптар осы қызметке лайық үміткерлердің аясын біршама қысқартады.

Саясаттанушы аталған өлшемдерге қазіргі Премьер-министр Олжас Бектенов, оның орынбасары Қанат Бозымбаев, сондай-ақ Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков сәйкес келетінін жеткізді.

Олжас Бектенов орталық мемлекеттік органдарда және құқық қорғау саласында қызмет атқарып, мол тәжірибе жинаған. Қазір Үкімет басшысы ретінде елдің экономикалық саясатын жүзеге асыруға тікелей атсалысып жүр. Асылбек Ізбайыров оның қиын кезеңде Үкімет жұмысын басқарып отырғанын басты артықшылықтарының бірі ретінде атады.

“Ең лайық тұлғалардың бірі – қазіргі Премьер-министр Олжас Бектенов деп ойлаймын. Ол күрделі жағдайда Үкіметті басқарып, экономика мәселесінде бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Қазақстанның халықаралық рейтингінің көтерілуі де осы кезеңмен тұспа-тұс келді”, – дейді саясаттанушы.

Қанат Бозымбаевтың еңбек жолында орталық мемлекеттік органдардағы және өңірлердегі басқару тәжірибесі қатар қамтылған. Ол энергетика министрі, Павлодар және Алматы облыстарының әкімі қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта Премьер-министрдің орынбасары ретінде инфрақұрылымға, өңірлік дамуға, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға және ірі құрылыс жобаларына қатысты мәселелерге жауап береді. Сарапшының пайымдауынша, вице-президентке ішкі экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелерді үйлестіру міндеті жүктелсе, Бозымбаевтың тәжірибесі ескерілуі мүмкін.

Асылбек Ізбайыров Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің кандидатурасын да ерекше атап өтті. Қасымбек әр жылдары көлік және коммуникация, инвестициялар және даму министрі, Премьер-министрдің орынбасары, Қарағанды облысының және Астана қаласының әкімі болды. Яғни оның тәжірибесінде экономикалық блоктағы жұмыс пен өңірлік басқару қатар ұштасқан.

“Менің ойымша, бірінші кезекте Жеңіс Қасымбектің кандидатурасын атауға болады. Оның Астанадағы жұмысына Президенттің өзі баға беріп, атқарылған істерді атап өтті. Қасымбектің орталық мемлекеттік органдарда да, өңірлік басқару жүйесінде де тәжірибесі бар”, – дейді сарапшы.

Саясаттанушының тізіміне енген Нұрлыбек Нәлібаевтың еңбек жолының елеулі бөлігі жергілікті атқарушы органдармен байланысты. Ол Қызылорда қаласының әкімі, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, кейін Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарды. Оның басты артықшылығы – өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды және орталық пен жергілікті билік арасындағы жұмысты жақсы білуі.

Ал Ғабит Сыздықбековтің тәжірибесінде дипломатиялық қызмет, ұлттық қауіпсіздік жүйесі және өңірлік басқару бағыттары тоғысады. Қазіргі уақытта ол Шымкент қаласын басқарады. Сарапшының пікірінше, Сыздықбековтің мемлекеттік басқарудың бірнеше саласында еңбек етуі оның Президент атынан ішкі органдармен де, шетелдік құрылымдармен де байланыс орнатуына мүмкіндік береді.

Дегенмен саясаттанушы түпкілікті шешім Мемлекет басшысына тиесілі екенін еске салды. Президент бұл қызметтің алдағы міндеттеріне және өзінің саяси пайымына сәйкес басқа тұлғаны да ұсына алады.

“Жалпы, бұл – Президенттің таңдауы. Мемлекет басшысы өзінің пайымына сәйкес кез келген адамды ұсына алады. Дегенмен қазіргі міндеттер мен вице-президенттің ықтимал жұмыс бағытын ескерсек, мықты шаруашылық жүргізуші және әкімшілік тәжірибесі бар тұлғаларға басымдық берілуі қисынды”, – дейді Асылбек Ізбайыров.

Толғанай Үмбетәлиева атаған 5 тұлға кім?

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева болашақ вице-президентке қойылатын талаптар тек мемлекеттік қызметтегі тәжірибемен шектелмеуі керек деп есептейді. Оның пікірінше, жаңа лауазым иесі елдің саяси құрылымы мен басқару жүйесін терең түсінетін, өз бетінше шешім қабылдай алатын және стратегиялық тұрғыдан ойлайтын тұлға болуы қажет.

“Вице-президент міндетті түрде саяси сауатты, елдің саяси құрылымы мен мемлекеттік басқару жүйесін жақсы білетін адам болуы керек. Ол өз бетінше шешім қабылдай алуы үшін мықты аналитик болуы қажет. Халықаралық жағдайды терең түсінуі маңызды, бірақ ішкі саясат бәрібір басым бағыт болуы керек. Экономика да өте маңызды сала. Сондықтан кандидаттың саяси экономия бағытында білімі болғаны дұрыс”, – дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Саясаттанушы болашақ вице-президенттің мемлекеттік тілді жетік меңгеруі жеткіліксіз екенін айтады. Оның сөзінше, елдегі екінші саяси тұлға қазақ халқының дәстүрін, философиясын, әдебиеті мен өнерін де терең түсінуі керек. Сонымен қатар шет тілдерін білу, стратегиялық ойлау және алдағы саяси-экономикалық өзгерістерді болжай алуы да маңызды өлшемдердің бірі болуға тиіс.

“Бүгінде лауазымды тұлғаның қазақ тілінде сөйлеуінің өзі жаңалық болып жатады. Біз бұл деңгейден әрі қарай дамуымыз керек. Болашақта Президент қызметіне үміткер болуы мүмкін тұлғаға қойылатын талаптар да күрделеніп, жоғарылай түсуге тиіс”, – дейді сарапшы.

Үмбетәлиева аға буын өкілдерінің арасынан Әкежан Қажыгелдин мен Иманғали Тасмағамбетовті атап өтті. Оның пікірінше, бұл екі тұлғаның жоғары мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол және оларды президенттікке кандидаттар ретінде де қарастыруға болады.

Әкежан Қажыгелдин 1994–1997 жылдары Қазақстан Үкіметін басқарды. Ол елдің нарықтық экономикаға көшу кезеңіндегі реформаларға араласқан саясаткер ретінде белгілі. Алайда оның ұзақ уақыт шетелде тұруы вице-президентке қойылатын негізгі талаптардың біріне сәйкес келмеуі мүмкін. Өйткені Конституция бойынша кандидат кейінгі 15 жыл бойы Қазақстанда тұрақты тұруға тиіс. Сондықтан Қажыгелдиннің тәжірибесі мол болғанымен, оның кандидатурасына заң тұрғысынан шектеу бар.

Иманғали Тасмағамбетов Үкіметті, Президент Әкімшілігін, бірнеше министрлікті, Астана мен Алматы қалаларын басқарды. Сонымен қатар Қазақстанның Ресейдегі елшісі және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы қызметтерін атқарды. Осы тұрғыдан оның тәжірибесінде ішкі саясат, экономика, өңірлік басқару, қауіпсіздік және дипломатия бағыттары қатар қамтылған.

Жаңа буын саясаткерлерінің арасынан Толғанай Үмбетәлиева Қайрат Сарыбай, Дәурен Абаев және Мәулен Әшімбаевты бөліп көрсетті.

Қайрат Сарыбай – сыртқы саясат саласында ұзақ жыл еңбек еткен кәсіби дипломат. Ол Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстанның бірқатар мемлекеттегі елшісі қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Бас хатшысы.

“Қайрат Сарыбай бірнеше тілде еркін сөйлейді. Қазақ тілін өте жақсы меңгерген, қазақ әдебиеті мен өнерін терең біледі. Эрудициясы жоғары, зиялы, білікті әрі нәзік дипломат. Әзіл-қалжыңы да орынды. Оның жалғыз кемшілігі – көпшілікке аса таныс емес, қоғам оны әлі толық білмейді”, – дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Саясаттанушының пікірінше, Сарыбайдың басты артықшылығы – халықаралық келіссөздердегі тәжірибесі мен көпжақты дипломатияны жетік білуі. Алайда оның еңбек жолы негізінен сыртқы саясатпен байланысты болғандықтан, ішкі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді басқару тәжірибесі де назарға алынуы мүмкін.

Дәурен Абаев Президент Әкімшілігінде, ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет пен дипломатия салаларында қызмет атқарды. Ол Президенттің баспасөз хатшысы, Ақпарат және коммуникациялар министрі, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Мәдениет және спорт министрі болды. Қазіргі уақытта Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарады.

“Дәурен Абаев жақсы білім алған, қатаң әрі ойын тікелей айтатын саясаткер. Оның саяси білімі де, дипломатиялық тәжірибесі де бар. Ол тәртіпті қалайтын қоғам тобына ұнауы мүмкін. Бірақ оған қарсы көзқарастағы азаматтар да аз емес”, – дейді сарапшы.

Үмбетәлиеваның пікірінше, Абаевтың қатаңдығы мен ойын ашық айтуы оның артықшылығы болуы мүмкін. Алайда қоғамдағы түрлі топтың оған қатысты көзқарасы біркелкі емес.

Мәулен Әшімбаев мемлекеттік басқару, саяси сараптама және парламент саласында мол тәжірибе жинаған. Ол Президент Әкімшілігінде, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында, билік партиясы мен Парламентте қызмет атқарды. Сондықтан атқарушы және заң шығарушы биліктің жұмысын жақсы біледі.

“Мәулен Әшімбаевтың қазақ тілін, ұлттық дәстүрді және әдебиетті білуі мінсіз деуге болады. Ол саяси жүйені де, экономиканы да жақсы түсінеді. Зиялы, дипломатиялық қабілеті бар тұлға. Ағылшын тілінде жақсы сөйлейді және қоғам оны жақсы таниды”, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Саясаттанушы Әшімбаевтың парламенттік тәжірибесін де маңызды артықшылық деп есептейді. Себебі Конституция бойынша вице-президент Президенттің тапсырмасымен Құрылтай және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді.

Толғанай Үмбетәлиева жаңа буын өкілдері ретінде атаған Қайрат Сарыбай, Дәурен Абаев және Мәулен Әшімбаевтың үшеуі де вице-президент лауазымына үміткер бола алады деп санайды.

“Менің ойымша, жаңа буын саясаткерлерінің арасынан аталған үш тұлғаның да осы лауазымға үміткер болуға мүмкіндігі бар. Олардың әрқайсысының өзіндік артықшылығы мен саяси тәжірибесі қалыптасқан”, - деді ол.

Қазақстан тарихындағы тұңғыш вице-президент кім?

Ел тарихында аталған қызметті алғаш рет мемлекет қайраткері Ерік Асанбаев атқарған. Ол - Қазақстанның мемлекет қайраткері, дипломат, экономика ғылымдарының докторы. Сондай-ақ Қазақстан тарихындағы тұңғыш әрі әзірге жалғыз вице-президент ретінде белгілі.

Экс-шенеунік 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін вице-президент қызметіне тағайындалды. Бұған дейін партиялық және мемлекеттік басқару жүйесінде түрлі жауапты қызметтер атқарған. Ерік Асанбаев елдің алғашқы саяси реформаларына қатысып, өтпелі кезеңдегі мемлекеттік институттардың қалыптасуына атсалысты.

1996 жылы 22 ақпанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен аталған лауазым күшін жойды.