Алматы облысында полицейлер, ХҚКО қызметкерлері сотталды

Алматы облысында полицейлер, ХҚКО қызметкерлері сотталды
ҚМА

Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі 800-ден аса көлікті тіркеу есебіне заңсыз қойғаны үшін сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот олардың әрқайсына қылмыстағы рөлі мен қатысу деңгейіне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Мемлекетке төленбеген тіркеу және утиль алымдарының жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеден асты.

Тергеу барысында ҚМА-ның Алматы облысы бойынша департаменті қылмыстық топ екі жыл бойы белгіленген талаптарды айналып өтіп, көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқанын анықтады. Алғашқы кезеңде схемаға қатысушылар техникалық регламент талаптарын бұзып, Қазақстанға әкелінген 642 жүк көлігін заңсыз тіркеген.

Кейін қылмыстық әрекет жеңіл көліктерге қатысты "қосар көліктерді тірілту" деп аталатын схема бойынша жалғасқан. Заңсыз әкелінген көліктерге Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған көліктердің VIN кодтары берілген. Осы тәсілмен тағы 209 көлік тіркелген. Заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізуді және жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуді қамтамасыз еткен.

Төленбеген тіркеу алымының сомасы 5,4 млрд теңге, утиль алымы 1,2 млрд теңге болды.

Тергеу барысында көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден аса қаражат қайтарылды. Сонымен қатар, сот үкімімен бес көлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Сот нотариустарға нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.