Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес биыл электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандық пен 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 33 қазандықта және 24 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңде жүргізіліп жатыр.
Ағымдағы жылы жөндеу жұмыстарына 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 9%-ға жоғары.
Өңірлік электр желілік компаниялардың желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың шақырым электр беру желілерін және 444 қосалқы станцияны жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта электр беру желілерінің 91%-ы және қосалқы станциялардың 84%-ы жөнделді.
Жылумен жабдықтау желілерінде 377 шақырым жылу желісін реконструкциялау және күрделі жөндеу жоспарланған. Оның 246 шақырымы немесе 65%-ы аяқталды.
Министрдің айтуынша, биыл жылу желілерін жөндеу мен реконструкциялауға 196,8 млрд теңге қарастырылған. Оның 82,5 млрд теңгесі бюджет қаражаты есебінен, 98,1 млрд теңгесі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында, тағы 16,2 млрд теңгесі кәсіпорындардың тарифтік сметалары есебінен бөлінеді.
Биыл жылу желілерін қаржыландыру көлемі 34%-ға, ал орындалатын жұмыс көлемі 14%-ға артқан. Министр әкімдіктер жылыту маусымы басталғанға дейін жоспарланған жөндеу жұмыстарын толық аяқтауы қажет екенін атап өтті.
Электр станцияларындағы технологиялық жағдайға да назар аударылды. 2026 жылдың алғашқы жеті айында технологиялық бұзушылықтар саны 5,6%-ға төмендеп, 891 жағдайды құрады. Дегенмен «ГРЭС Топар», «Астана-Энергия» ЖЭО-2, Шымкенттегі «3-Энергоорталық» және Ақсу ГРЭС-інде технологиялық бұзушылықтар санының өскені байқалған. Осы фактілер бойынша Энергетикалық қадағалау комитеті тиісті тексеру жүргізіп, қажетті шараларды қабылдады.
Энергия өндіруші нысандардың отын қоймаларында қазіргі уақытта 4,2 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға жоғары. Сонымен қатар министрлік қыркүйек айынан бастап көлемі 255 мың тоннаны құрайтын әлеуметтік мазутты жеткізу кестесін бекітті.
Сонымен бірге энергетика саласындағы кәсіпорындардың отын үшін кредиторлық берешегі сақталып отыр. Атап айтқанда, электр станцияларының «QazaqGaz Aimaq» алдындағы берешегі 71,9 млрд теңгені құрайды.
Елдің энергетикалық инфрақұрылымын жылыту маусымына дайындау үшін Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге бөлінген. Оның 12,7 млрд теңгесі жылу көздерін жөндеуге және салуға, 8,4 млрд теңгесі жылу желілерін салу мен реконструкциялауға, 6,8 млрд теңгесі электр желілерін реконструкциялауға бағытталған.
Халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесі де бақылауда. Министрліктің мәліметінше, алдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға 7,3 млн тонна көмір қажет. Оның 1,6 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға, 5,7 млн тоннасы халыққа арналған.
Өткен жылыту маусымында нақты қажеттілік 8,3 млн тоннаны құраған. Биылғы қажеттіліктің төмендеуі елді 2035 жылға дейін газдандырудың бас схемасын іске асырумен байланысты.
Көмір жеткізілімін бақылау үшін министрлік жасанды интеллект және предиктивтік талдау элементтері енгізілген бірыңғай цифрлық платформа әзірлеген. Жүйеге 36 көмір өндіруші кәсіпорынның деректері, 29 мың жартылай вагон арқылы жүзеге асырылатын теміржол тасымалдары, 586 көмір тұйығы операторы және 1,2 млн-нан астам тұтынушы туралы ақпарат енгізілген.
Платформа көмірдің өндірілген сәтінен бастап жөнелтілуі мен халыққа және коммуналдық-тұрмыстық секторға жеткізілуіне дейінгі қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйе тапшылық тәуекелдері мен бекітілген жеткізу кестесінен ауытқуларды автоматты түрде анықтайды.
Энергетика министрі алдағы жылыту маусымын тұрақты өткізу үшін техникалық және ұйымдастырушылық шаралар жалғасатынын айтты. Министрлік энергетика және коммуналдық шаруашылық нысандарын күзгі-қысқы кезеңге дайындау жұмыстарын толық аяқтауды қамтамасыз етпек.