Қазақстанның 2027 жылғы республикалық бюджет шығыстары 30,2 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді.
2027 жылға бюджет түсімдері 25,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 12,9%-ы деңгейінде болжанған. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,3%-ын құрайды деп күтілуде.
Жалпы шығыстар биылғы жылға жоспарланған көрсеткіштен 2,5 трлн теңгеге артады.
Бюджет жобасында Ұлттық қордан 2,4 трлн теңге кепілдендірілген трансферт қарастырылған. Бұдан бөлек, аса маңызды нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан тағы 2 трлн теңге нысаналы трансферт бағыттау жоспарланып отыр.
Мәди Тәкиевтің айтуынша, бюджетті қалыптастыру кезінде негізгі мақсат шығыстарды жай ғана арттыру емес, әрбір бюджет теңгесінің тиімділігін көтеру болған.
Қаржы министрі қаражат ең алдымен мемлекеттің міндеттемелерін орындауға, экономиканы, өңірлерді және адами капиталды дамытуға бағытталатынын атап өтті.