Үкімет 20-дан астам әуежайды шетелдік инвесторларға бермекші

Нұрлан Жұмахан 29 қаң. 2024 18:43 3798


Үкімет ел аумағындағы 20-дан астам әуежайды ЕуроОдақ елдерінің әлеуетті инвесторларына бермекші. Мұны ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.


Жалпы, бұл мәселе "ЕуроОдақ – Орталық Азия" елдерінде сөз болғанын білеміз. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстарды бірден іске асып кетеді деп ешкім ойлмағаны анық.


Үкіметтің бұл әрекетін қарапайым көпшілік құптамасы анық. Өйткені біздегі халықтың көпшілігі инвестор десе кірпідей жиырылатынын білеміз.


Халықтың инвесторлар жайында мұндай көзқарасына қалыптасуына Назарбаев режимінің қосқан «үлесі» зор. Біздің халыққа инвестор десеңіз көз алдына Лакшми Миттал елестейтіні белгілі.


Бірақ қазіргі биліктің шетелдік инвесторға беруден басқа амалы жоқ. Өйткені елімізде әуежайларға қызмет көрсететін компаниялар жоқ.


Біздің компаниялар (шындығында олигархтар дегеніміз дұрыс шығар) инфрақұрылымдық нысандарды алып алғаннан кейін оны дамытып, басын ауыртпайды.


Олар табыстан түскен ақшадан нысандарды дамытуға бір тиын да жұмсамай, тоз-тозын шығарады. Одан қалса мемлекетке алақан жайып, қазынаның ақшасына көз сүзумен болады.


Бұған олигарх Александр Клебанов секілді олигархтардың іс-әрекеті айқын мысал болады.  


Кезінде Александр Келебанов Павлодар облысындағы Жылыту қазандықтарын бауырына басып алып, нысанды авариялық жағдайға жеткізгенін жұрттың бәрі біледі.


Кейде олар тоз-тозы шыққан нысандарды мемлекетке қырауар ақшаға сатып, ізім-ғайым қарасын батырады. Сондықтан өзіміздің олигарх-инвесторларға халық сенбейді.   


Десек те еліміздегі маңызды инфрақұрылымдық нысандарды еуропалық инвесторларға беруден басқа амал жоқ.


Бүгінде Алматының әуежайын меншігіне алған түркиялық инвестор әуе айлағына ақша құйып кеңейтіп жатқанын білеміз. Сол сияқты Астананың әуежайы да шетелдік инвесторлардың қарауына өтіп, жан-жақты жұмыс істеуде.


Ең бастысы шетелдік инвесторлардың Ресейден болмауына баса мән беруіміз керек. Өйткені ресейлік инвесторлардың біздің Клебановтардан еш айырмасы жоқ. Олар жүрген жерде жемқорлық шырмауықтай шырмап алады.


Айтпақша, Көлік министрі Қарабаев Ақтау және Құрық порты да ЕуроОдақ елдерінің компанияларына берілетінін алға тартты.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар