Үкімет 1 ақпанға дейін әр баланың шотына ақша аударады

Қаракөз Амантай 08 қаң. 2026 12:03

2026 жылдың 1 ақпанына дейін кәмелетке толмаған балалардың есепшоттарына "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша үшінші төлем аударылады. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Аталған төлемді 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін 18 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының барлық азаматы алады. Сонымен қатар 2008 жылы туған және 2026 жылы 18 жасқа толатын балаларға арналған мақсатты жинақтар да 1 ақпанға дейін олардың арнайы жинақ шоттарына аударылады", - деді БЖЗҚ.

Төлемнің нақты сомасы әзірге анықталмаған. БЖЗҚ мәліметінше, бір балаға 2026 жылға есептелетін төлем мөлшері Қазақстандағы кәмелетке толмаған балалар саны мен Ұлттық банк берген мәліметтерге сүйене отырып, Ұлттық қордан балаларға есептелетін жалпы қаражат көлемінен есептеледі.

Мысалы, 2024 жылы балаларға төлем 100,52 доллар, ал 2025 жылы 129,38 доллар көлемінде аударылған. Жыл сайынғы төлем мөлшері тікелей Ұлттық қордың валюталық активтері мен инвестициялық кірісіне байланысты. Төлемдер қордың ұзақ мерзімді инвестициялық кірісінің жартысынан формаланады.

Аударылған қаражатты тек білім алу және 18 жасқа толғаннан кейін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалануға болады. Ерте алу немесе қаражатты басқа мақсатқа жұмсау мүмкін емес.

Сондай-ақ 2024 жылдың 1 ақпанынан 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін БЖЗҚ 188 мыңнан астам өтінішті орындап, жалпы 28,25 млн доллар сомасын балалардың есепшоттарына аударған. Оның ішінде 17,6 млн доллар тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ал 10,65 млн доллар оқу ақысын төлеуге бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар