Түрмеде жазасын өтеушілердің бір бөлігіне телефон қолдануға рұқсат берілуі мүмкін

Қаракөз Амантай 25 ақп. 2026 09:23

Қазақстанда кейбір сотталғандарға мекеме аумағынан тыс жерде смартфон пайдалануға рұқсат беру ұсынылды. Ішкі істер министрлігі тиісті бұйрық жобасын "Ашық НҚА" порталында жариялап, оны қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұсынылып отырған өзгерістер тек қауіпсіздігі ең төмен колониялар қатысты қабылдануы мүмкін. Жобаға сәйкес, сотталғандарға мекемеден тыс уақытта смартфон қолдануға мүмкіндік беру көзделіп отыр. Сонымен қатар үшінші оң мінез-құлық дәрежесі бар сотталғандар үшін "тыныш сағат" енгізу ұсынылады. Бұдан бөлек, кездесуге жазылу және қалаға шығуға рұқсат алу қызметін арнайы терминалдар арқылы рәсімдеу тетігі қарастырылған. Министрлік бұл бастамалар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, процестердің ашықтығын арттыруға ықпал етеді деп есептейді.

Бұйрық жобасы 11 наурызға дейін қоғамдық талқылауда болады. Осы мерзім ішінде азаматтар өз ұсыныс-пікірлерін білдіре алады.

Айта кетейік, қауіпсіздігі ең төмен мекемелерде негізінен абайсызда қылмыс жасағандар және алғаш рет жеңіл не орташа ауырлықтағы құқық бұзушылық үшін сотталғандар жазасын өтейді. Мұндай колония-поселениелерде оқшаулау деңгейі төмен: сотталғандарға азаматтық киім киюге, отбасымен бірге тұруға және мекемеден тыс жерде жұмыс істеуге рұқсат беріледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove