Бүгін, 25 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң мен ілеспе түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Заң Түркістанды рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде қалыптастыруды, тарихи мұраны қорғауды көздейді, деп жазады Dalanews.kz.
Аталған заң жобасының ерекше тұстарына тоқтала кетелік. Мәселен, енді Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймағынан 100 метр радиуста биіктігі 7 метрден асатын және тарихи ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға тыйым салынады.
Сондай-ақ Түркістан қолөнершілерінің шығындары жергілікті бюжеттен өтелетін болады. Мұнда 30-дан астам қолөнерші бар. Олардың 10%-дан 25%-ға дейінгі шығындарын жергілікті бюджет өтейді. Бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 88,5 млн теңге бөлінеді.
Өтінім беру үшін кәсіпкерлік субъектілері 2025 жылдың 1 наурызына дейін қала әкімдігіне өтім беру керектігі, ол өтінімдерді қарау үшін арнайы комиссия құрылатыны нақтыланады.
Сондай-ақ Түркістан әкімдігіне 27, мәслихатқа 7 жаңа өкілеттік беріледі. Жер кодексіне және тарихи-мәдени мұра мен құрылыс саласындағы заңдарға өзгерістер енгізіледі.