"Транстелеком" Нұрәлі Әлиевке тиесілі компанияның қожайыны атанды

Кәмшат Тілеухан 28 нау. 2025 09:53 1189

2025 жылғы 19 наурыздан бастап "Railverse" компаниясының 100% үлесі "Транстелеком"АҚ-ға тиесілі екені белгілі болды. Ал бұған дейін бұл компания құрылтайшысы, 2025 жылғы 27 наурыздағы ресми мәліметтер бойынша, "Транстелекомның" түпкілікті қожайындарының бірі — кәсіпкер Нұрәлі Әлиев болып келген еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Railverse" ЖШС 2009 жылдың қаңтарында тіркелген, Астанада орналасқан. Компания сайтындағы мәліметтерге сәйкес, компания бағдарламалық қамтамасыз етуші жасақтамаларды әзірлейді, Қазақстанда сертификатталатын автоматтандыру жиынтық құрылғыларын шығарады, инфрақұрылым объектілерінде іздестіру және зерттеу жұмыстарын жүргізеді және т.б. 2012-2015 жылдары Railverse "Транстелеком" үшін теміржол көлігіндегі электр энергиясы мен дизель отынын тұтынуды есепке алудың, бақылаудың және талдаудың автоматтандырылған жүйесінің жобасын әзірлеген. Railverse клиенттерінің қатарында ҚТЖ, "ҚазТрансОйл", "ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз", "Қарағанды Жарық" және т. б. бар.

Айта кетсек, 2025 жылы 11 ақпанда Нұрәлі Әлиев "Транстелеком" АҚ директорлар кеңесі төрағасы ретіндегі өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Ол акционерлер құрамынан шығып, компания сатылуына байланысты директорлар кеңесі төрағасы креслосын босатынын айтты. Дегенмен ол жанама түрде, құжат бойынша әлі де "Транстелеком" АҚ акционері болып табылатынын айта кетелік.

"Транстелеком" - қазақстандық ірі байланыс операторларының бірі, телекоммуникация және IT-қызметтермен айналысады. Forbes мәліметтері бойынша Unit Telecom арқылы компания акцияларының 75 пайызына иелік етушілер - Нұрәлі Әлиев пен Дмитрий Покупателев. Қалған 25 пайызы "Қазақстан темір жолында". Бұрын компания мемлекетке тиесілі болған. 2015 жылы "Транстелеком" 9 миллиард теңгеге жекешелендірілгені белгілі болды. 

Қор биржасындағы құжаттағы деректерге сәйкес, "Транстелеком" директорлары кеңесінің құрамына 12 ақпанда өзгерістер енгізілді. Кеңес құрамы тізімінен Әлиевпен бірге тағы екі топ менеджердің (Берік Өтемұратов және Эльдар Ғұмаров) аты-жөні сызылған.  

Ал Әлиевпен бірге компанияның 75% акциясын өз бақылауында ұстаған Дмитрий Покупателев директорлар кеңесінің төрағасы болып қайта тағайындалды.

Онымен бірге жаңартылған құрамға Jusan Mobile-дің үш өкілі кірді:

  • Қайрат Балықбаев - Jusan Mobile Басқармасының төрағасы, бұрын ақпарат және коммуникациялар вице-министрі, Еуразиялық даму банкінің цифрлық бастамалар дирекциясының басқарушы директоры, сауда және интеграция вице-министрі болған.
  • Андрей Марченко - Jusan mobile директорлар кеңесінің төрағасы.
  • Нұрлан Арынғазиев - Jusan mobile директорлар кеңесінің мүшесі.

KASE-де жарияланған құжаттағы деректерге сәйкес, директорлар кеңесінің жаңа мүшелері "Unit Telecom" ЖШС акционерінің өкілдері болып табылады. Jusan mobile-дің түпкі бенефициары – кәсіпкер Ғалымжан Есенов.

Нұрәлі Әлиев (Дариға Назарбаеваның ұлы) Қазақстанның 75 бай бизнесмендері рейтингінде 41-ші орында (2024) тұр. Forbes Kazakhstan оның байлығын 220 млн долларға бағалайды. 2024 жылдың мамыр айындағы дерек бойынша, Әлиев "Capital Holding" ЖШС және "Darmen Holding" ЖШС-лардың акционері, Алматыда Donatello Hotels and Resorts (БАӘ, Дубай), Donatello boutique hotel мейманхаларымен бірге Алматы мен Астанада бірнеше мейрамханалары да бар.

 "Транстелеком" Қазақстандағы 75 ірі жеке компаниялар рейтингіне енеді (2024), 36-орында, кірісі 78,9 млрд теңге, ал таза пайдасы 10,7 млрд теңге болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар