Трамптың тарифтері: Америка халқы қымбатшылыққа ұрынуда

Кәмшат Тілеухан 06 қаз. 2025 10:25

Америка халқы қымбатшылыққа ұрынып, Трамп енгізген тарифтердің теріс салдарын сезіне бастады. АҚШ-та импорт тауарлардың құны бірінен кейін бірі өсуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Импорттық өнімдер бағасы бұған дейін жеткізіліп алған елдегі қор түгесілген сайын өсу үстінде. Бұл тізімде әртүрлі санаттағы өнімдер бар: консервіленген сорпалар, киім-кешектерден бастап автомобиль бөлшектеріне дейін", деп жазады The Financial Times компаниялардың ресми деректері мен мәлімдемелеріне сілтеме жасап.

АҚШ-тың еңбек статистикасы бюросының мәліметі бойынша, 2025 жылдың наурызынан тамыз аралығына дейін елде аудио жабдықтар (+14%), көйлектер (+8%) және үйге арналған тауарлар (5%) қымбаттады.

"Бұл тауарлардың көпшілігін мемлекет сырттан импорттайды. Елде басқа тауарлар, соның ішінде консервіленген сорпалар да қымбаттаған, америкалық тауар өндірушілер қаңылтырдың,  автомобиль бөлшектерінің тапшылығына шағымдануда" деп нақтылайды FT.

Дүкендердегі бағаларды бақылайтын Telsey Advisory Group ірі сауда орындары жейделер, аяқ-киім секілді жұмсақ тауар санатындағы 29 өнімнің 11-ін, сондай-ақ велосипедтер, ыдыс жуғыш машиналар сынды қатты тауарлар санатындағы 18 өнімнің 12-сін, спорт тауарлары желісіндегі 16 өнімнің бесеуін қымбаттағанын атап өтті.

Тасымалды басқару институты (Institute for Supply Management (ISM) 3 қазанда американдық тамақтану, құрылыс және коммуналдық қызмет салалары өкілдерінің тарифтердің өз қызметтеріне әсеріне қатысты алаңдайтынын тіркеген зерттеуді жариялады.

Өткен аптада ФРЖ басшысы Джером Пауэлл Трамп әкімшілігі тарифтерінің негізгі жүктемесі соңғы тұтынушыларға емес, америкалық импорттаушылар мен бөлшек сауда желілерінің мойнына түсіп жатқанын айтқан болатын, деп еске салды FT. Citigroup-тың бас экономисі Натан Шист қазір үй шаруашылығындағылар жаңа баждардың жиынтық шығындарының 30-40% ғана төлейтінін, қалғанының бәрі бизнеске артылғанын айтады.  Алайда, сарапшының болжамы бойынша, алдағы айларда тұтынушыларға тиесілі шығыстардың үлесі 60%-ға дейін өсуі мүмкін, өйткені азаматтар үшін тарифтердің салдары әлі толықтай өзін көрсетіп үлгермеген.

2025 жылдың сәуір айының басында Трамп әлемнің 180-нен астам еліне қатысты АҚШ-қа әкелетін импорт тауарларға тарифтер енгізілгенін жариялады. Осы мәселе бойынша сауда келіссөздерін жүргізу үшін бұл шара кейінге қалдырылды, нәтижесінде көптеген ел үшін ставкалар өзгерді. Тамыз айында АҚШ президенті чиптерді импорттауға 100% баж салығын енгізетінін жариялады, одан штаттарда зауыт салып жатқан компаниялар ғана босатылды. Қыркүйек айының соңында Трамп 1 қазаннан бастап елде әртүрлі санаттағы тауарларға, соның ішінде жүк көліктеріне, жиһаздарға және дәрі-дәрмектерге 25-100% аралығын қамтитын импорттық тарифтер енгізіліп жатқанын мәлімдеді.

Айта кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп 7 шілдеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жолдап, 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық өнімге 25 пайыз көлемінде баж салығы салынатынын мәлімдеді. Сауда министрлігі ақпаратына сүйенсек, енгізілген тариф АҚШ-қа Қазақстаннан жеткізілетін жалпы экспорт көлемінің небәрі 4,8%-ына әсер етеді, ал қалған 95,2%-ы жаңа кедендік баждан тыс қалады. Қазір Қазақстан АҚШ-қа мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал, титан, бериллий және өзге де өнім түрлерін экспорттайды. Бұл өнімдердің басым бөлігі тарифсіз, шектеусіз экспортталып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар