Құны 5 миллион доллар болатын АҚШ-та тұруға рұқсат беретін картаға өтініш қалдыратын сайт іске қосылды. Ол "Трамп картасы" деп аталады. Оның іске қосылғанын АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
TrumpCard.gov сайтына АҚШ-та тұрақты тұруға рұқсат және одан әрі азаматтық алғысы келетін әлеуетті топ өтініш қалдыра алады. Порталда пайдаланушыларға аты-жөнін, тұрғылықты жерін және электронды поштасын қалдыру, сондай-ақ өтінішті жеке тұлға ретінде ме әлде компания атынан беріп жатыр ма, соны да көрсету ұсынылады.
"Мұнда тіркелгендер тек бірінші кезеңдегілер. Әйтпесе, мыңдаған адам хабарласып, қалай тіркелуге болатындығын әлі сұрап-біліп жатыр", деп жазды АҚШ президенті әлеуметтік желідегі парақшасында.
Визалар әлі қолжетімді емес, бірақ оны алғысы келетіндер өзі туралы ақпаратты іске қосылған сайтта қалдыра алады, деп түсіндіреді Fox телеарнасы.
Осыған ұқсас EB-5 бағдарламасы АҚШ экономикасына 800 мың доллардан бастап инвестиция салушы шетелдік азаматтар үшін бұрыннан қарастырылған. Алайда, заңсыз иммиграцияға қарсы күресуші Дональд Трамп әкімшілігі бұл бағдарлама тым көп былық-шылыққа бой алдырған және оны "Трамп картасымен" ауыстыру керек деп санайды.
"Бай адамдар бұл картаны сатып алып, елімізге келе алады. Олар көптеген адамды жұмысқа алып, көп ақша жұмсайтын, көп салық төлейтін бай, табысты адамдар болады", — деді Америка президенті 2025 жылдың ақпанында. Оның айтуынша, АҚШ миллионға жуық немесе одан да көп осындай карталарды сатудан пайда таба алады.
АҚШ сауда министрі Говард Лютниктің айтуынша, "алтын карталар" АҚШ-тың 36 трлн доллардан асатын федералды қарызын өтеуде сеп бола алады.
"Егер 200 мың адам карта алса, бұл - триллион доллар. Бұл бәрін өтеп, ақтайды", - деді ол.
2025 жылдың сәуірінде Дональд Трамп Air Force One президенттік ұшағының бортында журналистерге өзінің бейнесі салынған сөз етілген картаның үлгісін көрсеткен болатын.