Freedom Inside '26

Енді әріптесіңіздің жұмысын атқарсаңыз, қосымша ақы төленеді

Енді әріптесіңіздің жұмысын атқарсаңыз, қосымша ақы төленеді
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстандықтарға әріптесін алмастырғаны үшін қосымша ақы төленеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстанда еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, қызметкер әріптесінің міндетін уақытша атқарған жағдайда қосымша ақы алуға құқылы.

2026 жылғы 8 маусымнан бастап ҚР Еңбек кодексінің 111-бабына енгізілген түзетулер күшіне енді. Енді қызметкер негізгі жұмысымен қатар демалысқа шыққан немесе еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеген әріптесінің міндеттерін де орындаса, жұмыс беруші оған міндетті түрде қосымша ақы төлеуі тиіс.

Бұған дейін кейбір жұмыс берушілер мұндай міндеттерді еңбек шартына немесе лауазымдық нұсқаулыққа енгізіп, қосымша төлем жасаудан жалтарып келген. Жаңа өзгерістерден кейін қызметкердің басқа адамның жұмысын атқаруы қосымша еңбек жүктемесі ретінде қарастырылады және ол үшін бөлек ақы төленуі қажет.

Сондай-ақ қосымша төлем мөлшерін жұмыс беруші өз бетінше белгілей алмайды. Оның көлемі қызметкермен келісіліп анықталуы тиіс. Егер қызметкер ұсынылған төлем мөлшеріне келіспесе, оған қосымша міндет жүктеуге болмайды.

Мамандардың айтуынша, көптеген жұмыс беруші бұл өзгерістерден әлі толық хабардар болмауы мүмкін. Егер қызметкерге қосымша жұмыс жүктеліп, бірақ тиісті ақы төленбесе, ол еңбек инспекциясына шағымдануға құқылы.

Жаз мезгілінде еңбек демалысына шығатындар саны көбейетіндіктен, қызметкерлердің әріптестерін алмастыру жағдайлары жиілейді. Осыған байланысты еңбек заңнамасындағы жаңа талаптарды білу маңызды.