Freedom Inside '26

Қазақстандықтардың 70 пайызы несие төлеп жүр - сауалнама

Қазақстандықтардың 70 пайызы несие төлеп жүр - сауалнама
Сурет: Zakon.kz/Павел Михеев

Қазақстандықтардың басым бөлігі несие немесе қарыз төлеп жүр. Бұл туралы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Зерттеу деректеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 72,7 пайызының қазіргі уақытта несиесі немесе қарызы бар. Оның ішінде 39,7 пайызының бір ғана несиесі болса, 33 пайызы бірнеше несие төлеп отырғанын айтқан. Ал респонденттердің 27 пайызы ешқандай несие міндеттемесі жоқ екенін мәлімдеген.

Сауалнама нәтижесі бойынша ең көп таралған қарыз түрі – тұтынушылық несие. Қатысушылардың 70,4 пайызы дәл осы несие түрін пайдаланатынын көрсеткен. Сондай-ақ азаматтардың 22,1 пайызы туыстары, достары немесе таныстарынан қарыз алғанын айтса, 14,4 пайызы автонесие төлеп жүргенін, 13 пайызы ипотекасы бар екенін жеткізген.

Зерттеу қарыз жүктемесінің отбасылық бюджетке айтарлықтай әсер ететінін де көрсетті. Қарыз алушылардың 46,7 пайызы ай сайынғы табысының жартысынан көбін несие төлеуге жұмсайды. Ал 24,5 пайызы табысының төрттен бірінен жартысына дейінгі бөлігін несиелерін жабуға бағыттайды. Респонденттердің 20,3 пайызы табысының төрттен бір бөлігін қарыз төлемдеріне жұмсайтынын айтқан.

Сауалнамаға қатысқан 60 жастан асқан азаматтардың әр үшіншісінің несиесі немесе қарызы бар екені анықталған. Бұл көрсеткіш 32,8 пайызды құрайды.

Айта кетейік, зерттеу 2026 жылғы 10-23 мамыр аралығында жүргізілген. Сарапшылардың пікірінше, алынған мәліметтер елдегі халықтың несиеге тәуелділігі жоғары деңгейде екенін көрсетеді.