Ақмола облысында төтенше жағдайды жою сылтауымен конкурссыз жасалған 17 млрд теңгелік келісім екі айдан кейін бұзылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әңгіме Зеренді ауданындағы электр беру желілерін салу жобасы туралы болып отыр. Мемлекеттік сатып алу сәуір айында тікелей бір көзден жасалған. Тапсырыс беруші мұны шұғылдықпен және төтенше жағдай салдарын жою қажеттілігімен түсіндірген.
Алайда Зеренді ауданындағы төтенше жағдай режимі 2021 жылдың 2 шілдесінен бері, яғни бес жылдан бері сақталып келеді. Осы уақыт ішінде конкурс өткізуге толық мүмкіндік болғанымен, жоба ашық конкурссыз жүзеге асырылған.
Тапсырыс беруші мердігер компанияның қажетті тәжірибесі мен ресурстары бар екенін көрсеткен. Соған қарамастан, 17 млрд теңгелік келісімге қол қойылғаннан кейін небәрі екі ай өткен соң, 16 маусымда шарт бұзылған.
Енді электр желілерінің құрылысы қалай жалғасатыны және жобаның тағдыры қандай болатыны әзірге белгісіз.
Сарапшылардың пікірінше, бес жыл бойы шешілмеген мәселенің төтенше жағдаймен байланыстырылып, миллиардтаған теңгенің конкурссыз бөлінуі жауапты органдардың жұмысына қатысты сұрақтарды көбейтеді.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәлімет бойынша, келісімшарттың жалпы сомасы шамамен 17 млрд теңгені құраған.