Өте дәулетті шетел азаматтарына АҚШ-та өмір сүріп, жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін "алтын карталар" сатылымға шыққалы жатыр. Оны иеленгендер, түптің түбінде АҚШ азаматтығын да ала алады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы баспасөз мәслихаты кезінде мәлімдеді. Ол мұндай ерекше картаның құны шамамен 5 млн доллар болатынын да нақтылады, деп жазады Dalanews.kz.
"Біз "алтын картаны" сатуды бастаймыз. Грин-картаңыз бар ма, міне алтын карта деген сол. Біз оның құнын белгілеуді жоспарлап отырмыз, шамамен 5 миллион доллар, тура грин-карта беретін барлық артықшылықтар ол арада да қамтылады, оның үстіне ол сізге азаматтық алуға жол ашады. Осы картаны сатып алу арқылы бай адамдар біздің елімізге көшіп келетін болады", – деді Трамп CNN телеарнасына берген сұқбатында.
Бұл арада картаның "азаматтыққа жол ашады" деп бекер айтылып отырған жоқ. АҚШ-тың Сауда министрі Говард Лютниктің айтуынша, жаңа "алтын карта" қазіргі EB-5 иммиграциялық визаны беру жөніндегі бағдарламаның да функциясын атқарады. Бұған дейін EB-5 бағдарламасы арқылы АҚШ-қа инвестиция салуға ниетті шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат (грин-карта) беріліп келген.
Президент Трамп, тіпті осындай "алтын карталардың" екі аптадан кейін сатылымға шығатынын да жеткізді. Ол қазірдің өзінде мұндай картаның миллионы өткелі тұрғанын жеткізді.
"Құқықтық тұрғыдан алғанда, бұл, сөзсіз, заңды дүние", - деді Трамп.
Журналистер баспасөз мәслихатында: "Мұндай карта ресейлік олигархтарға сатылуы мүмкін бе" деген сауалды алға тарта кетті.
- Иә, мүмкін. Өз басым, бірнеше ресейлік олигархты танимын, жап-жақсы адамдар, - деп DW Трамптың сөзін келтіреді.
Бұған дейін Зеленский Трамптың ұсынысын қабылдағанын, Украина мен АҚШ сирек металдар жөнінде келісімге қол қойғанын жазғанбыз.