Украина АҚШ ұсынған сирек кездесетін металдарға қатысты жаңа келісімді мақұлдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Киев минералды ресурстар бойынша Вашингтонмен келісімге келді. <…> АҚШ бастапқыда талап еткен 500 миллиард доллар көлеміндегі әлеуетті кірісті өз пайдасына алу құқығынан бас тартты", – делінген Financial Times материалында.
Басылым мәліметінше, құжаттың соңғы нұсқасында АҚШ-тың Украинаға "қауіпсіздік кепілдіктерін" беруі туралы ешқандай ереже қарастырылмаған.
Украиналық шенеуніктердің айтуынша, Киев АҚШ-пен мұнай, газ және басқа да минералдық ресурстарды бірлесіп игеру жөнінде келісімге қол қоюға дайын. Олардың мәлімдеуінше, келіссөздер нәтижесінде Украина үшін анағұрлым тиімді шарттарға қол жеткізілген.
FT газетінің қолына түскен келісімнің соңғы мәтінінде Украина өзіне тиесілі мемлекеттік минералдық ресурстарды, оның ішінде мұнай мен газды коммерцияландырудан түскен табыстың 50 пайызын арнайы қорға аударып отыруы тиіс екені көрсетілген. Сонымен қатар бұл қорға логистикалық операциялардан түскен кірістер де бағытталмақ.
Аталған қордың қаражаты Украинадағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады деп жоспарланып отыр. Басылым дерегінше, келісім қазірдің өзінде мемлекеттік бюджетке табыс әкеліп отырған кен орындарын қамтымайды. Бұған, мысалы, "Нафтогаз" және "Укрнафта" компанияларының өндірістік кірістері жатады.
"Украиналық шенеуніктер келісімнің әділет, экономика және сыртқы істер министрліктерінің мақұлдауынан өткенін және бұл құжат Зеленскийдің алдағы апталарда Ақ үйге барып, Трамппен бірге оны ресми түрде бекітуіне мүмкіндік ашатынын мәлімдеді", – деп жазады Financial Times.
2025 жылдың ақпан айының басында АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон көрсетіп отырған қаржылай және әскери көмектің өтеуі ретінде Украинадан сирек кездесетін металдарды жеткізуге кепілдік талап ететінін мәлімдеген еді.
АҚШ шенеуніктері Владимир Зеленскийге бұл келісімге қол қоюды Мюнхендегі қауіпсіздік жөніндегі конференция аясында вице-президент Джей Ди Вэнспен кездесуде ұсынған болатын. Алайда Зеленский ол кезде құжатқа қол қоюдан бас тартқан.
Кейіннен Ақ үй басшысы Киевтің келісімді бұзғанын растады. Оның сөзінше, украиналық билік АҚШ қаржы министрі Скотт Бессентке дөрекі түрде жауап берген. Осыдан кейін Дональд Трамп Украинаға таңдау жасайтын сәт келгенін ескертіп, егер келісімге қол қойылмаса, мұның салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.