Тоқаев ШЫҰ саммитінде не туралы айтты?

Тоқаев ШЫҰ саммитінде не туралы айтты?
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Өзара сенімге селкеу түсті" - Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ширек ғасырда Шанхай ынтымақтастық ұйымы "Шанхай бестігінен" бастап Еуразияның үлкен бөлігін қамтитын және адамзаттың жартысына жуығын біріктіретін ірі халықаралық ұйымға айналды.  

"ШЫҰ – әртүрлі, бірақ рухы бір елдердің бірегей бірлестігі ретінде ішкі мәселеге араласпау, егемендікті құрметтеу, өзара сенім, ашықтық пен ынтымақтастық қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Бүгінде ол шын мәнінде табысты, ықпалды әрі сұранысқа ие халықаралық құрылымға айналды. Әйтсе де біздің Ұйым құрылған сәттен бері әлем айтарлықтай өзгерді. Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасып жатыр. Бірігуден гөрі жікке бөліну, ынтымақтастық ниетінен гөрі геосаяси бақталастық басым түсіп, мүдделер теңгерімін іздеудің орнына араздық өршіп барады. Өзара сенімге селкеу түсті. Онсыз ең мықты халықаралық институттардың өзі бірте-бірте сын-қатерлерге төтеп беру қабілетінен айырылады. Осы орайда, біздің Ұйымның маңызы арта түседі. ШЫҰ әскери-саяси блок логикасынан тыс әрекет етеді әрі оның қызметі қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған. Ұйым мүлдем басқа саяси философияға, яғни түпкі өзегінде прогресс жолындағы ортақ бастамалар идеясы жатқан "Шанхай рухына" сүйенеді. Біздің басты мақсатымыз – қуатты әрі өркендеген ШЫҰ қоғамдастығын құру", – деді Мемлекет басшысы.

Президент: "Үш зұлым күшпен" күрес басым бағыт болып қала береді"

Мемлекет басшысы қол жеткен жетістіктерді алға тартып, "Шанхай ондығына" кіретін елдердің бәрі үшін айрықша маңызға ие басты бағыттарға тоқталды.

"ШЫҰ құрамында Еуразияның ірі мемлекеттері бар. Жаңадан сұлбаланып келе жатқан әлемдік тәртіптің тұрпаты қандай болмағы көбіне осы елдердің ұстанымына байланысты. Бұл ретте Ұйымға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Еуразия құрлығындағы стратегиялық тұрақтылық және сенім шаралары бойынша министрлер деңгейіндегі ШЫҰ конференциясын өткізу қажет деп санаймыз. Аталған іс-шараның күн тәртібінде әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселесін талқылауға болады. Әсіресе, қарулы қақтығыстардың салдары көбіне әскери іс-қимыл аймақтарынан тысқары жерді шарпып, халықаралық нарықтарға, коммерциялық кеме қатынасына, орнықты энергетикалық және көлік байланыстарына нұқсан келтіріп жатқаны алаңдатады. Сонымен қатар дағдарыстың трансшекаралық сипатта белең алу қаупі күшейіп келеді. Бұрыннан келе жатқан сын-қатерлер де өзектілігін жойған жоқ. "Үш зұлым күшпен" – терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес өзара ықпалдастығымыздың басым бағыты болып қала береді. Олар трансұлттық қылмыспен, есірткі тасымалымен, заңсыз қару айналымымен және киберқауіппен астасып жатыр. Қазақстан Сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталықтың, сондай-ақ ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығының мақсаттары мен міндеттерін қолдайды. Бұл құрылымдардың қызметі мемлекеттеріміздің құзырлы органдары арасындағы іс-әрекетті үйлестіруді жаңа деңгейге көтеріп, осы бағыттағы бірлескен жұмыстың нәтижесін жақсартатынына сенімдімін, – деді Президент.

Маңызды ұсыныс айтылды

Президент қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтары базасында ШЫҰ трансшекаралық сауда аймақтарын іске қосуға болады деп санайды.

"Осы арқылы тауар алмасудың оңтайланған тәсілін, цифрлық рәсімдерді және заманауи есеп айырысу тетіктерін сынап көруге болады. Тағы бір басым бағыт – толыққанды инвестициялық контур қалыптастыру. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды. Қаржы ұйымының ресурсын, ең алдымен, инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіп жобаларына бағыттаған жөн. Мүше мемлекеттердің ортақ ұйғарымы болған жағдайда Қазақстан осы институтты, оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"ШЫҰ-ны реформалау мәселесі әлі де өзекті" - Президент

Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау мәселесі әлі де өзекті екеніне назар аударып, бұл жұмысты сыртқы саясат ведомстволарына жүктеуді ұсынды.

"Сөз соңында Қазақстан ШЫҰ аясындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге көтеруге барынша күш салуға дайын екенін тағы да растаймын. Өзара сенім мен ықпалдастықтың арқасында біз бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға кәміл сенемін. Еліміз осы жолды бірге еңсеруге әзір", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.