Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайға жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, қолданыстағы заңнаманы қайта қарап, заң шығару үдерісінің сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы жаңа конституциялық жүйеге көшу барысында бұрынғы Парламент бірқатар маңызды заңдарды қабылдағанын атап өтті.
«БІРІНШІ. Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет. Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек», – деді Президент.
Тоқаев Құрылтайдың алдында тұрған екінші маңызды міндет ретінде заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуді атады.
«ЕКІНШІ. Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керек. Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды. Бұл жұмысты жандандыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.