Саясаттанушы Расул Қоспанов Қазақстан билігі мұнай компанияларымен арадағы келісімдерді неге қайта қарап жатқанын сараптап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстанның мұнай саясаты: жаңа элитаның жаңа стратегиясы
Биыл Қазақстан тәуелсіздік тарихындағы рекордты жаңартты – мұнай өндіру көлемі тәулігіне 2,03 млн баррельден асып түсті. Әдетте, мұндай көрсеткіш ел экономикасының табысын көрсетсе керек-ті. Алайда бұл рекорд Қазақстан билігі үшін қуаныштан гөрі, жаңа экономикалық-саяси шешім қабылдау қажеттігін айқындаған маңызды сигналға айналды.
Мәселе неде?
Қазақстанның бюджеттік тапшылығы соңғы жылдары қарқынды өсіп, 2024 жылы ЖІӨ-нің 3%-ына жетті. Мұндай жағдайда ел басшылығының алдында екі таңдау тұр: не мұнай өндірісін одан әрі арттырып, ОПЕК+ келісіміндегі серіктестермен жанжалдасуға тәуекел ету, не батыстық алып компаниялармен жасалған келісім-шарттарды қайта қарау арқылы мемлекет кірісін ұлғайту. Соңғы жылдары елде билікке келген жаңа элита екінші жолды таңдауға бейім екенін ашық байқатып отыр.
Назарбаев дәуіріндегі "ашық есіктің" жабық шарттары
Қазақстанның мұнай саласындағы бүгінгі табысы – негізінен Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты үш алып кен орнының арқасы. Бұлардың барлығы 90-жылдардағы Назарбаевтың тұсында жасалған өнімді бөлісу келісімдері (ӨБК) негізінде игеріліп келеді. Chevron, ExxonMobil, Shell, Eni секілді алпауыт компаниялар сол тұста Қазақстанға миллиардтаған доллар инвестиция құйып, елді әлемдік мұнай нарығындағы жетекші ойыншылардың қатарына шығарды.
Бірақ осы инвестициялардың құны тым жоғары болды. Шетелдік инвесторларға мемлекет тарапынан өте тиімді жеңілдіктер берілді. Ұзақ мерзімді салық жеңілдіктері, құпия коммерциялық шарттар, алғашқы жылдары мемлекетке тиесілі пайданың мардымсыз болуы – бұның бәрі әлі күнге дейін қоғамда сұрақ тудырып келеді. Тіпті, бұл келісімдердің көп бөлігі әлі күнге дейін құпия сақталып отыр.
"Қазақгейт" – көлеңкелі келісімдердің символы
Қазақстандықтардың шетелдік мұнай компанияларымен жасалған келісім-шарттарға күдікпен қарауының басты себебі – атышулы "Қазақгейт" жанжалы. 2003 жылы Нью-Йоркте бұрынғы ЦРУ қызметкері Джеймс Гиффен ұсталғанда, бұл жағдай Қазақстандағы мұнай келісімдерінің күмәнді тұстарын ашық көрсетті. Гиффен Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктеріне 78 млн доллар көлемінде пара беріп, Теңіз кен орнынан тиімді келісім-шарттар жасағанын мойындаған. Бұл оқиға Қазақстанның мұнай келісімдеріне деген сенімсіздігін күшейтіп жіберді.
Жаңа элита, жаңа талаптар
2022 жылдан бастап Назарбаев тұсындағы ескі элита биліктен шеттетіліп, жаңа буын келді. Бұл буын мұнай саласындағы келісімдердің бұрынғыдай жалғасуына түбегейлі қарсы емес, бірақ шарттарды ел пайдасына қарай қайта қарауды талап етіп отыр. Президент Тоқаевтың өзі 2024 жылдың басында үкіметке өнімді бөлісу келісімдерін қайта қарауды тапсырды.
Нәтижесінде, Қазақстан билігі батыс инвесторларына алғаш рет қатаң талаптар қоя бастады. Мәселен, Қашаған кен орнына қатысты NCOC консорциумына 2010-2018 жылдар аралығындағы шығындарды негізсіз көтергені үшін 160 млрд доллар көлемінде рекордтық талап қойылды. Бұл талап Қазақстан экономикасының жарты жылдық жалпы ішкі өніміне тең сома болатын.
Сонымен қатар, экология мәселесі де өткір қойылды. Қазақстан тарабы Кашаған операторының экологиялық нормаларды бұзғаны үшін қосымша 5,1 млрд доллар талап етіп отыр. Қарашығанақ кен орны бойынша да 3,5 млрд долларлық экологиялық талап қойылды.
Ал Теңіз кен орнының операторы "Теңізшевройлға" әзірше ірі көлемде сот талабы қойылмаса да, алғаш рет компания басшылығы парламентке шақырылып, депутаттар тарапынан қатаң сынға ұшырады. Бұл – Қазақстанда бұрын болмаған жағдай.
Неге дәл қазір?
Қазақстан билігінің мұнай компанияларымен келісімдерді қайта қарауға дәл қазір белсене кірісуінің бірнеше себебі бар.
- Біріншіден, саяси буын алмасуы жаңа элита үшін мұнай секторындағы шарттарды өзгертуді тек экономикалық емес, саяси қажеттілікке айналдырды. Яғни, жаңа элита ел тәуелсіздігінің экономикалық негіздерін нығайтуды көздеп отыр. Бұл – жаңа буынның саяси субъектілігі мен амбициясын дәлелдейтін маңызды қадам.
- Екіншіден, қоғамда да мұнайдан түсетін табыстың әділетті бөлінуіне қатысты сұраныс артты. 2022 жылы Қазақстанда ӨБК шарттарын ашық жариялау туралы қоғамдық петиция пайда болды. Халық мұнай келісімдерінің әділеттілігі мен ашықтығын талап етуде. Бұл сұранысты елемеу билік үшін оңай емес.
- Үшіншіден, геоэкономикалық жағдай түбегейлі өзгерді. Украинадағы соғыс, санкциялар мен көлік дәліздерінің тұрақсыздығы Қазақстан мұнай экспортының шарттарын өзгертуді қажет етіп отыр. Осы өзгерістерді пайдаланып, Қазақстан мұнай саласындағы шетелдік инвесторлармен тең дәрежеде қайта келісуге ұмтылуда.
- Төртіншіден, Қазақстанға дәл қазір тиімді шарттарды қайта жасамаса, 2040 жылдарға қарай мұнай кеніштері сарқылып, бюджет табысы күрт төмендеуі мүмкін. Қазір мұнай бағасы жоғары, Батыс Қазақстанға ерекше назар аударып отыр, дәл осы кезең – мұнай келісімдерін тиімді шарттарға қайта қарауға таптырмас мүмкіндік.