Әлемдік нарықта мұнай бағасы құлдырауда: ҚМГ еш саспайтынын айтты

Кәмшат Тілеухан 05 мам. 2025 14:50 357

"ҚазМұнайГаз "ҰК" АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов өздерінің кез келген құбылмалы бағаға дайын екендіктерін айтады. Ал әлемдік нарықта құлдырап жатқан мұнай бағасы Қазақстан нарығына аса бір қауіп төндірмейтін көрінеді. Оның айтуынша, компания өндірген мұнайдың шамамен 70%-ы онсыз да ішкі нарықта тұрақты бағамен сатылады. Ал баға қатты төмендеген жағдайға деген компанияның әзірлеп қойған баламалы сценарилері мен алдын ала қарастырылған ынталандыру шаралары бар екен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол мұнай нарығы айтарлықтай құбылмалы екенін, яғни кез келген геосаяси немесе экономикалық факторлар мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуіне немесе керісінше өсуіне әкеліп соғып жататынын айтады.

"ҚазМұнайГазға" келетін болсақ, онда біз өндірген мұнайдың шамамен 70%ішкі нарықта сатылады, оның үстіне біздің бағалар экспорттық бағадан әлдеқайда төмен. Тиісінше, экспорттық баға құбылып жатқанда ішкі бағалар ең төменгі экспорттық бағадан да төмен күйінде қала береді. Яғни, "құлдырады" деген экспорттық бағаның өзі ішкі нарықтық деңгейден едәуір жоғары. Осы жағынан алғанда, ішкі нарыққа тиесілі біз өндірген мұнайдың 70%-ы баға түзетулері жағдайына бағынбайды. Оған онша тәуелді емес. Оның үстіне, еліміздегі жанар-жағармай мен дизель отынының экспорты шектеулі, барлығы дерлік өз ішімізде сатылады. Ал қалған бөлікке келетін болсақ, сарапшылар биылғы жылы мұнайдың бір баррелі 65 доллар деңгейінде сақталатынын айтады. Бірақ бағаны дөп басып, қазір ешкім болжай алмайды", дейді ол.

Оның пікірінше, "ҚазМұнайГаз" үшін бұл арада ешқандай қауіп жоқ.

"Баға қатты төмендеген жағдайға деген дайын тұрған бізде балама сценарийлер, алдын ала айқындалған оңтайландыру шаралары бар. Негізінде, біз кез келген құбылмалы мұнай бағасына дайынбыз. Құбылу күн сайын орын алуда. Бұл арада ұзақмерзімді тренд маңызды. Соңғы болжамдар бір баррель 65 доллар деңгейінде қалыптасатынын байқатады", - дейді Әсет Мағауов.

Мұнай бағасының төмендеуіне ол көптеген фактор түрткі екенін, ал оның ішінде қайсы бірін бөле-жара атау қиынырақ екенін де жеткізді.

Айта кетсек, Brent мұнайының құны бір апта барысында 10,34%-ға төмендеп, бір баррелі 59 доллар, ал WTI 56 доллар болды. Бұған OPEC+ ұйымының осыған дейін ұстанып келген стратегиясын күрт өзгертуі себеп екені айтылады. Демалыс күндері аталған ұйым маусымнан бастап мұнайдың тәулігіне өндірісі көлемін тағы 400 мың баррельден асаға өсіру туралы шешім қабылдады. 

Бұған дейін сайтымызда мұнай бағасы 60 доллардан да төмендегені, ОПЕК+ елдері мұнай өндірісі көлемін арттырып жатқаны, бұл ретте Үкіметтің не қам жасап жатқаны туралы мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар