Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның функциясын күшейтті

Кәмшат Тілеухан 21 там. 2025 15:46

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның функциясына өзгерістер енгізді. Бұдан былай, енді Жоғары аудиторлық палата сотқа өз бетінше талап қоя алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жоғары аудиторлық палата туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, оның ішінде бюджетке өтемақы өндіруді қамтамасыз ету, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, тауарларды жеткізу және (немесе) анықталған бұзушылықтар сомасын есепте көрсету және (немесе) азайту, нұсқаманың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында сотқа талап қоя алады.

Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатының қосымша функцияларына республикалық бюджет жобасын шығыстардың негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалауды жүзеге асыру да кіреді.

Бұдан бөлек, өзгерістер саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне енгізілді.

Атап айтқанда, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы "В" санатындағы әкімшілік мемлекеттік лауазымдар корпусының құрамына енгізілді.

Жарлық 2025 жылғы 18 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.

Айта кетсек, күні кеше Мемлекет басшысы бюджетті жоспарлау мәселелері бойынша жиын өткізді. Оған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов та қатысты. 2025 жылы 19 тамызда Жоғары аудиторлық палатада ғылымды дамыту саласындағы мемлекеттік аудиттің қорытындысы қаралғаны белгілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар