Тілден "Құдай" жасауға болмайды

Dalanews 19 қаз. 2017 11:58 903

Қандай да бір түсінбестік тумау үшін, алдын-ала айтып қояйын, мен, жалпы, шет тіл үйренуге қарсы емеспін. Мен, бар болғаны, тілден «Құдай» жасауға қарсымын. Үзілді-кесілді және тіс-тырнағыммен қарсымын. Тілден «Құдай» жасау ұзақ уақыт бойы басқаға тәуелді болған, бодан ұлттардың айықпас «ауруларының» бірі. Ащы болса да, шындығы – сол, біз дәл сол «дімкәсі» бар халықтар қатарындамыз.

Белгілі қаламгер Серік Нұғыман Abai.kz ақпараттық порталындағы мақаласын осылай бастапты.

Ал онда тілден «Құдай» жасау деген не? Енді соған келейік.

Тілден құдай жасау дегеніміз – дүниедегі үлкен тілдердің (негізі саны көп халықтың тілі деген дұрыс) бірін білсең болды, «аспанға ұшып кетеміз» деп ойлау және аяқасты «дамып кетеміз» деп сену. Бұл – барып тұрған балалық!Мұның балалық екенін өмірдің өзі-ақ дәлелдеді және басқа емес қазақ өмірі. Қалай дейсіз ғой? Былай.

Осыдан көп жыл бұрын (әрине, еріксіз түрде) орыс тілін білу науқаны басталды. Орыс тілін білсең болды – «комунизимге тез жетесің, әлем халықтарының алдына шығасың» деді. Қысқасы, бейнеліп айтқанда, «аспанға ұшасың» деді. «Феодализмнен тез құтылып, кенет «адамзат дамуының ең биік сатысы – социализге» барып топ ете қаласың» деді. Бұл астарында үлкен зымияндық жасырынған жоспарлы саясат болатын. Қызығы сол, қазақ әлгі ұранға сенді, шын сенді. Бір-ақ күнде «әлемнің алдына шыққысы» келді. Сөйтіп, орыс тіліне жаппай көшті. Қызды-қыздымен, тіпті, соңғы жылдары, (тәуелсіздік қарасаңында) Қазақстанда қазақ мектебі қалмауға айналды. Ал енді бір сұрақ: содан қазақ аспанға ұшты ма? Бірді-екілі арнайы дайындалған ғарышкер болмаса, жер бетінен найза бойы көтерілген қазақ көргеніміз жоқ... Әрине, орыс тілін малданып, нан тауып жеп жүргендер болды. (Ондай жанбағыстың құралы деңгейіндегі тілді кейін қазақша оқығандар да үйреніп алды ғой. Тіпті, оза шауып, үлкен мемлекеттік қызметтерге де қолы жетті. Қиын ештеңесі жоқ). Бұл жердегі «аспанға ұшу» дегенде мен әлгі қара жерді қақ айыра жаздаған озан-ұранға сай «үлкен дүние» жасаған адамдарды айтып отырмын. Арыға бармай-ақ, кеңес кезеңінде «жасалған» ғылым мен мәдениетті алайықшы! Кім, не жасады? Жер бауырлаған «қазақтықтан» бір саты көтеріліп, «санатқа» қосылған қандай қазақ, не жасады, қане, айтсыншы! Иә, Олжастың аты аталады. Бірақ сол Олжасыңыз елі Ел болған бүгінгі күнде не айтып жүр? Білесіз. Арыға бармай-ақ қоялық. Ал басқаларшы? Халқы үшін елеулі бірдеңе тындырған ешкімді айта алмайсыз! Көп болған соң, әрине, докторлық қорғаған, ұсақ-түйек бірдеңе жасаған біреулер болған шығар... мен оларды емес, «үлкен» нәрсе жасағандарды айтып отырмын. Бар ма? Жоқ қой, жоқ. Қазақты ел қылды, күллі әлемге танытты деп жүрген Елбасыңыз... қазақша оқыған. Сол Елбасыңыз қазақша білмей қалса не болатынын ойлаңызшы, айтуға ауыз бармайды. Одан басқа да сорпа бетіне шығарларыңыздың дені қазақша оқыған. Әрине, қажет болғандықтан, орысшаны үйреніп алды. «Құралды» қолына алды. Есесіне, мәңгүрттеніп кеткен жоқ, қазақ қалпында қалды. Кезегі келгенде (қоғамдық ғылым саласындағылар) ана тілінде үлкен құндылықтар жаратты. Қазақ мәдениетін, ғылымын жасады, дамытты.

Ал «орыс тілі қолыңды көкке жеткізеді» деген даңғаза ұранға босқа «елігудің», «желігудің» салдарында не болды? Мен айтпасам да, жақсы білесіз.

  1. Жер бетінен халық ретінде жойылып кетуге шақ қалып барып, әупіріммен әрең аман қалдық. Зардабын бүгінгі ел әлі тартып жатыр. Тәуелсіздік алған 26 жылдағы қазақ тілінің мүшкіл халін бір еске алып қойыңыз: жағдайыңыздың қандай деңгейде екеніне нақты дәлел бола алады.

  2. Бір тұтас халықтың ділі екіге жарылды. Ол аздай олар (әлгі бөлектеніп кеткен ұрпақ) бүгінгі таңда үстем тапқа айналды. Біз олардың өктемдігін еріксіз түрде қабылдауға міндетті болдық. Жетіскен жағдай ма?


3,4,5... сөз көп. Қайсы бірін айтасың?!

Ең сорақысы, енді, әлгі тұңғиыққа алып кете жаздаған «пәледен» жаңа құтылдық па деп иманымызды үйіріп, ес жиып келе жатқан шалажансар кезеңде «Ағылшын тілі» деген тағы бір «Құдай» шықты. Ағылшын тілін білсек, дүниненің алдына шығады екенбіз. Тағы бір «аспанға ұшу». Мен отырып ойлаймын: «егер ағылшын тілін білген адамның бәрі аспанға ұша берсе, жер бетінде бір де бір ағылшын қалмас еді ғой» деп. Олай емес қой, жүрғой ағылшындар, өздерінің Ұлыбританиясында. Диханы – дихан, малшысы – малшы, саудагері – саудагер күйінде. Егер ағылшын тілін білгеннің бәрі «аспаңға ұша» берсе, Американы айтпайық, Үндістан мен Пәкістан, Аустралия мен Жаңа Зеландия, тіпті, Сингапур мен Гонконгта жан қалмас еді ғой екі аяқты. Өйткені, ондағылардың бәрі ағылшын тілін біледі. Анау-мынау емес, беске! Егер, шынымен, ағылшын тілін білгендердің бәрі аспанға ұшатын болса, олар әлде қашан ұшып кетті ғой, жеткізе ме бізге? Әлде қазақ жетіп алсын деп күтіп тұра ма бір жерде? Осы арада тағы бір сөз қоса кетейін, егер ағылшын тілін білгеннің бәрі аспанға ұшатын болса, онда мен де сіздердің қатарларыңызда жер басып жүрмес едім. Біржола көкке сіңіп кетпесем де, жерден сәл көтеріліп, сіздердің қолдарыңыз жетпес биікте қалықтап тұрар едім. Өйткені, оны үйренгем. Ептеп сауатым бар.

Қысқасы, іс біз ойлағандай емес,туысқандар. Бала болмайық!

Тілдің «Құдай» емес екеніне тағы бір мысал келтірейін. Асқар ағамыз Жұмаділдаев математик болам деп алғаш Мәскеуге барғанда, Ломонсов университетіне емтихан тапсырғанда орыс тілінен құлапты. (Қызық!) Оны өзі айтады. Бірақ оның дарынын байқаған бір мың болғыр профессор қолдау көрсетіп, сынақтан өткізіп жіберіпті. Ал әзір сол Асқар ағамыз аспанға ұшып кетпей-ақ, жер басып қатарымызда жүрген орыстарға дәріс беріп жүр. Орыстарға ғана емес, одан ары асып, көкке көтеріліп кетпей, елінде жүрген (ішінде ағылшыны да бар) ағылшын тілді елдердің балаларына (студент) сабақ берді; біз ауыз ашып, табынатын «мықтыларға» білім үйретті, ақыры аз жылдың алдында айланып ұшып елге қайтып келді. Кезінде орыс тілін білмейтін ауыл баласы бүгінде білдей академик. Аспанға да, басқа жаққа да ұшып кеткен жоқ, жер басып Алматыда жүр. Аса көп орысы жоқ Қызылордадан, ондада қиыр шеттегі Шиеліден шыққан Асқар ағамызға, қазақтың бір қарапайым баласына орысқа, одан ары асып, ағылшыны аралас ағылшын тілділерге сабақ өткізген не... білесіз бе? Біз «Құдай» көріп жүрген тіл ме, әлде басқа бірдеңе? Ағамызды әуелетіп аспанға ұшырған тіл десеңіз, мен, басымды кесіп алыңыз, сенбеймін. Егер олай болғанда, қазақтан безіп, әлдеқашан басқа бір «нұрлы әлемге көшіп алған», «төбесі көкке жеткен» қазақтар неге дәріс өтпейді сонда барып? Көңіліңізге келсе де, айтайын, олар өйте алмайды! Өйткені, тіл білгенімен, оларда дарын жоқ. Керек десеңіз, оларда жетіскен білім де жоқ. Орыс тілін сол кезде сән болғаны үшін, үстем таптың зуаны болғандықтан, санатқа қосылып, басқа қазақтан бір саты жоғары тұру үшін үйренген. Соңғы есепте ол бақай есебі өз басына сор болып шықты. (Білген адамға, негізі, өз ана тілін білмеу деген сордан да жаман). Бүгінде «мәңгүрт» деген атаққа қалып жүр. «Көзқаман» деген пәлесі тағы бар. Оңған ештеңесі жоқ. Осыдан келіп бәрі белгілі болады: адамды «ұшпаққа» шығаратын ешқандай да тіл емес, қайта адамды биікке көтеретін оның Құдай берген дарыны, қабілеті! Сондықтан кесіп айтуымыз керек, тіл Құдай емес. Егер тіл мен дарынның бірі құдай болуға тиіс болса, онда, сөз жоқ, Құдайыңыз – дарын.  Тіл, бар болғаны, құрал, әлгі «Құдай» сипатты дарынды жүзеге асыратын мол мүмкіндік! Бар болғаны, сол ғана!

Сондықтан, тіл біліп, Америка асқанымен, ештеңенің шекесін қыздырмаған әнеубір жігіт айтып жүргендей қайбір пәнді де ағылшынша не басқа тілде оқыту, кезіндегі орыс тілін «Құдай» көріп, сорлап қалған үлкен трагедияның қайталануы. Тоқсан ауыз сөздің тоқ етер түйінінде айтпағымыз – осы! Назарды, негізі, тілге емес, дарындарды танып, соларды тәрбиелеуге аудару керек! Басқаша болған жағдайда, халықтың жартысы сауатсыздыққа ұрынып, сорлап қалады. Керек болса, тілді қосымшалап (ағылшын тілі сабағы бар ғой), қосарлап жүріп өздері-ақ үйреніп алады. Құдды Асқар ағам секілді.

Серік НҰҒЫМАН

Abai.kz

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар