Таиланд астанасы Бангкокта өткен Futures Cup жастар турнирінде қазақстандық боксшылар сәтті өнер көрсетіп, бірнеше жүлдеге ие болды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
World Boxing ұйымының қолдауымен өткен жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы төрт алтын, төрт күміс және үш қола медаль жеңіп алды.
Кешкі сессияда қазақстандық спортшылар бір алтын және үш күміс жүлде еншіледі.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бейбарыс Әшірбай финалда Қырғызстан боксшысы Ахмади Арвазды жеңіп, алтын медаль иеленді.
Әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта Камила Оспанова финалда италиялық Сара Скорраноға есе жіберіп, күміс медаль алды.
80 келіге дейінгі салмақта Тимур Тайбеков шешуші жекпе-жекте грузиялық Давид Мхитцадзеден жеңіліп, күміс жүлдегер атанды.
Ал 90 келіден жоғары салмақта Владислав Саможонов финалда Өзбекстан өкілі Ислам Салиховқа жол беріп, күміс медаль иеленді.
Бұған дейін турнирде қазақстандық боксшылардан Досжан Жұмақан (60 кг дейін), Хамза Мақсатұлы (75 кг дейін) және Айдана Убайдуллақызы (80 кг дейін) алтын медаль жеңіп алған болатын.
Сондай-ақ Жалғас Өтебеков (90 кг дейін) күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ал қола медальдарды Ақнұр Тұрсынғали (57 кг дейін), Зарина Толыбай (75 кг дейін) және Нұрсұлтан Қыстаубай (85 кг дейін) жеңіп алды.
