"Теңге бір апта бойы құнсыздануда". Ұлттық Банк басшысы үнсіздікті бұзып, мәлімдеме жасады

Кәмшат Тілеухан 26 шіл. 2025 09:46

Теңгеден әл кетіп, долларың күш алып жатқанына бір аптаның жүзі болды. Мәселен, 21 шілдеден бастап биржада 1 АҚШ долларының құны 529,44 теңгеден 544,87 теңгеге дейін, яғни 15 теңгеге қымбаттады. Ал ақша айырбас орындарындағы баға 550 деген межеге жетіп алды. Сарапшылар түрлі пікір білдіріп үлгергенімен, бұл ретте реттеуші орган тасада қалғанды жөн көрген. Міне, күні кеше осы үнсіздікті Ұлттық Банк төрағасының өзі бұзды. Сөйткен Тимур Сүлейменов демалыс күндері қарсаңында Facebook-тегі парақшасында арнайы жазба жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Ол өз жазбасында, алдымен теңге бағамының қалай қалыптасатынын, бұл арада Ұлттық Банктің рөлі қандай екенін және неге бағамның тұрақтылығы бүкіл экономиканың саулығы мен балансына тікелей байланысты екенін ұғынықты тілмен жеткізгісі келетінін айтыпты. 
"2015 жылдан бастап Қазақстан инфляциялық таргеттеу және еркін өзгермелі айырбас бағамы режиміне көшті. Бұл икемді, заманауи және тұрақты экономикалық модельге қарай жасалған түбегейлі маңызды қадам болды. Бұл дегеніміз, қазір теңге бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың әсерінен қалыптасуда, сонымен қатар ол экономикадағы нарықтық процестердің, ішкі және сыртқы факторлардың көрінісі болып табылады. Бұрын, валюта бағамын мемлекет қолдан белгілеген кезде, бұл шалт, әкімшілік тараптан болатын бір мезеттік девальвацияға әкеліп соғатын. Неліктен ақша бағамы қысымға ұшырауда? Экономикаға фискалдық аударым көлемі өсуде, бір жыл ішінде ақша массасының көлемі 18%-ға өсті. ЖІӨ мен тауар өндірісі ақша агрегаттарының өсіміне ілесе алмай жатыр. Егер экономикаға салынатын ақша көлемі ішкі өндіріске қарағанда тез өссе, бұл импорттың артуына әкеліп соғады. Биыл айтарлықтай шығыстар, соның ішінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға ақшалар қарастырылған. Нәтижесінде ірі келісімшарттар жасалып, қаражатты игеру үшін импорттық жабдықтар, техника, компоненттер сатып алынады. Бұл шетел валютасына деген жоғары сұранысты қалыптастырып, теңге бағамына қысым жасайды", деп жазады Тимур Сүлейменов желіде.

Оның айтуынша, уақыт өте келе тауарлардың отандық өндірісі ақша массасын қуып жетеді, бірақ бұл үшін уақыт қажет. Сондықтан, қазіргі уақытта экономика импортқа жүгінуге мәжбүр.

Ол теңге бағамына әсер ететін факторларды шартты түрде өздері үш негізгі санатқа бөлетінін айтады:

 
  1. Іргелі факторлар: мұнайдың және басқа да экспорттық тауарлардың әлемдік бағасы, негізгі сауда серіктестерінің валюталарының динамикасы, жаһандық конъюнктура және басқа да макроэкономикалық көрсеткіштер.
  2. Нарықтық факторлар: бизнес, халық және мемлекет тарапынан валютаға деген сұраныс пен ұсыныс, импорт тауарларды сатып алулар, маусымдық ауытқулар (мысалы, туристік белсенділік, дивидендтер төлемі дегендей).
  3. Алыпсатарлық факторлар: валютаға нақты қажеттіліктен емес, бағамның қысқа мерзімді ауытқуларынан пайда табудан туындайтын нарық қатысушыларының операциялары. Мұндай факторлар валюта бағамының құбылмалылығын іргелі факторлар болмаса да негізсіз айтарлықтай арттыра алады.
"Қазіргі уақытта іргелі факторлар ақша бағамы деңгейінің дұрыс бағаланбай отырғанын көрсетеді. Біз алыпсатарлық белсенділікті тіркемедік, жағдай тұрақты және бақылауға келеді. Бүгінгі таңда ақша бағамына негізгі қысым нарықтық факторлармен қалыптасуда: бюджет қаражатын белсенді игеру, импорттық сатып алулар көлемінің артуы, сондай-ақ маусымдық дивидендтер төлемі кезеңі және туристер тарапынан болған сұраныс", - дейді ол.

Сондай-ақ Ұлттық Банк басшысы біреулер өздерінің бұл іске араласып, ақша бағамын тұрақтандыру үшін интервенция жүргізу керектігін айтып жатқанын да сөз етеді.

"Бұлай жасауға болады, егер бағам алыпсатарлық факторлардың әсерінен құбылмалы әрі тұрақсыз болса. Егер бағам нарықтық немесе іргелі факторлардың әсерінен жоғары немесе төмен жылжыса, мұндайда интервенциялар көмектеспейді, тек зиянын тигізбесе. Негізсіз интервенциялар жалпы экономикаға емес, алыпсатарларға қолайлы болуы мүмкін екенін дұрыс түсінген жөн. Біз ұлттық резервтерді ақылға салып, басқаруымыз керек. Біз биржадағы және банкаралық нарықтағы жағдайды мұқият бақылап отырамыз және күрт құбылмалылық пен алыпсатарлық операциялар орын алып жатқан жағдайында жедел әрекет етуге дайынбыз. Прагматикалық мемлекеттік саясаттың нәтижесінде біз 52,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде халықаралық резерв жинай алдық. Ол алыпсатарлықтан туындайтын ақша бағамындағы ауытқуларды тегістеуге мүмкіндік бере алады", деп сөзін түйіндейді Сүлейменов.

Бұған дейін сайтымызда "Инфляция дегеніңіз "өрт", экономика қызып барады". Сарапшы теңге бағамына қатысты шындықты айтты" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар