«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Тәуелсіздік – ұлт рухының діңгегі» акциясы – Азаттық жолында құрбан болған «Алаш» қозғалысының ұлы қайраткерлеріне көрсетілген құрмет.
«Жастар Рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, Тәуелсіздік – халқымыздың қастерлі құндылығы екенін жастар қауымы жақсы түсінуі тиіс.
– Тәуелсіздік – еліміздің әрбір азаматы үшін қасиетті ұғым. Соның арқасында Қазақстан жемісті жетістіктерге қол жеткізді. Бостандық ұлттық рухымыздың «өзегі» екенін жастар қауымы терең түсінсе дейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Алаш қайраткерлерінің дербес мемлекет болып, жер жүзімен терезесі тең қатынас орнату жөніндегі арман-мақсаты жүзеге асты. Тәуелсіздікті нығайту және мемлекеттілікті қорғау – тарлан тарих пен болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз екеніне сенімдімін, – деді Нұржан Жетпісбаев.
Осындай іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде өтті.
Суретті түсірген Әлішер Қадышев