Петропавлда автобуста жолаушы әйелге тиісіп, қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот мәліметінше, оқиға 7 қазанда №4А бағытындағы автобуста болған. Ер адам жолаушыға балағат сөздер айтып, тиісіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған.
Сотта ол кінәсін толық мойындаған. Ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулік әкімшілік қамауға алынды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.