Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлердегі жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, премьер-министр тиісті тапсырманы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, сондай-ақ облыс әкімдіктеріне берген.
Бектеновтің айтуынша, өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту және жолдардың сапасын жақсарту – Президент үнемі назарда ұстап отырған мәселелердің бірі.
"Орталықтан қажетті қаражат бөлінуде. Жергілікті жерлерде оның мақсатты жұмсалуына, ең бастысы – жұмыс сапасына бақылауды күшейту қажет", – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр ел ішіндегі және халықаралық маңызы бар жолдар барлық сапа талаптарына сай болуы керектігін атап өтті.
Оның сөзінше, әкімдіктер өз аумағындағы жол жөндеу жұмыстарына тікелей бақылау жүргізуге тиіс.
"Азаматтардың шағымдарының басым бөлігі дәл осы ішкі жолдарға қатысты. Бұл мәселені қатаң бақылауға алыңыздар", – деді Олжас Бектенов.
Биыл Қазақстанда 11 мың шақырымнан астам автожол құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарымен қамтылған.
Үкімет мәліметінше, кейінгі жеті жылда елімізде 36,3 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделген.