Әлеуметтік желіде Mini Knopka атымен танымал блогер Әйгерім Бердалиева Алматы көшелерінің атауына қатысты жазбасынан кейін сынға қалды. Осыдан кейін Eurasian Fashion Week ұйымдастырушылары оның суреттерін Алматыдағы билбордтар мен жарнама экрандарынан алып тастауды ұйғарды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Дау қалай басталды?
Даудың басталуына блогердің Threads-тегі жазбасы себеп болған. Ол Алматыдағы бірқатар көшені бұрынғы кеңестік атауларымен атайтынын жазып, қазіргі атауларын қолданатындарға қатысты дөрекі пікір білдірген.
Блогер Достықты - Ленин, Назарбаев даңғылын - Фурманов деп атаған.

Әйгерім Бердалиеваның жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, оған қатысты сын көбейген.

Блогер жұрттан кешірім сұрады
Осы жағдайдан кейін Eurasian Fashion Week ұйымдастырушылары бұл оның жеке пікірі екенін мәлімдеген. Бұған дейін Әйгерім Бердалиева шараның бренд-амбассадоры ретінде таныстырылған болатын.
Ұйымдастырушылар мәлімдемесінде блогердің жеке парақшасындағы пікірін қолдамайтынын айтып, Алматыдағы билбордтар мен жарнама экрандарынан оның суреттерін алып тастайтынын хабарлады.
Кейін Әйгерім Бердалиева жазбасы үшін кешірім сұрады. Оның айтуынша, пікірін эмоцияға беріліп жазған және көп ұзамай өшірген. Блогер ешкімді ренжітуді мақсат етпегенін айтып, жағдайды әрі қарай ушықтырмайтынын жеткізді.