Оралда ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматты есептен шығару заңсыз деп танылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Батыс Қазақстан облысының соты азамат А.-ның 2013 жылдан бері коммуналдық тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаждар есебінде тұрғанын анықтаған. Алайда кейін ол белгісіз себептермен кезектен шығарылған.
Азамат бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген. Сот оның әлеуметтік осал топқа жататынын ескеріп, тұрғын үй есебінен шығаруға заңды негіз болмағанын анықтады.
Сот шешімімен азаматты тұрғын үй кезегінен шығару заңсыз деп танылып, әкімшілік талап арыз қанағаттандырылды.
Соттың түсіндіруінше, заң бойынша жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған, тұрғын үйге мұқтаж ретінде белгіленген тәртіппен есепке қойылған азаматтар баспанамен қамтамасыз етілгенге дейін тұрғын үй кезегінен шығарылмауы тиіс.