Жасанды интеллект адамның ой еңбегіне ғана емес, физикалық жұмысына да біртіндеп араласып келеді. HR және мемлекеттік қызмет саласындағы Qazaq Expert Club сарапшысы Асқар Есімсейітовтің айтуынша, робототехника дамыған сайын бұл жағдай сантехник, электрик және құрылысшы сияқты мамандықтарға да әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін ЖИ кранды қалай жөндеу керегін түсіндіріп немесе ақауды анықтауға көмектескенімен, жұмысты адамның өзі атқаратын. Қазір роботтар камера арқылы айналаны бақылап, ЖИ көмегімен жағдайды талдап, заттармен физикалық әрекет жасай алады.
Сарапшының сөзінше, әмбебап роботтар әзірге адамды толық алмастыруға дайын емес. Алайда олардың мүмкіндігі тез дамып келеді.
"Digital Bridge 2026 форумында роботтар бір жыл ішінде айтарлықтай жетілгенін көрдім. Бір робот үстел теннисінде допты қағып жатса, екіншісі футбол ойнап жүр. Олар осындай қарқынмен дами берсе, алдағы уақытта физикалық жұмыстарды да орындауы мүмкін", - дейді Есімсейітов.
Сарапшының пікірінше, ЖИ барлық мамандықты жойып жібермейді. Бірақ белгілі бір жұмысты орындауға қажет адам саны мен уақытын азайтуы мүмкін. Бұл үрдіс цифрлық саладан кейін физикалық еңбекке де әсер етуі ықтимал.
Сондықтан ол қолмен жұмыс істейтін мамандарға заманауи жабдықтар мен цифрлық құралдарды меңгеруге кеңес береді. Болашақта тек жұмысты орындау емес, ақаудың себебін анықтап, шешім тауып, нәтижені тексере алу маңызды болмақ.