Ерлан Қарин Джеки Чанмен кездесті

Ерлан Қарин Джеки Чанмен кездесті
Ақорда

Вице-президент Ерлан Қарин халықаралық киножобаның түсірілім тобымен кездесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша вице-президент Ерлан Қарин халықаралық киножобаның түсірілім тобы мүшелерімен кездесті. Кездесуге әлемге әйгілі режиссер әрі актер Джеки Чан, сондай-ақ, шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов қатысты.

Кездесу барысында кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері, сондай-ақ, бірлескен киножобаларды одан әрі жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланған.

Кездесуде кино саласындағы жаңа технологияларды дамыту бағытына да ерекше назар аударылған. Ерлан Қарин Мемлекет басшысының шешімімен жарияланған биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылында елордада Astana AI Film Festival өткенін жеткізді. Оған әлемнің 125 елінен 8 мың өтініш түсті. Қатысушылардың ауқымы мен географиясы жағынан бұл фестиваль АІ-киноға арналған әлемдегі ең ірі іс-шара ретінде танылды.

Кездесу соңында Ерлан Қарин Джеки Чанға Қазақстанға деген айрықша ықыласы үшін алғыс айтып, жобаға қатысушылардың алдағы шығармашылық жұмысына табыс тіледі.

Айта кетейік, "Доспехи Бога" фильмінің төртінші бөлімі Қазақстанда түсіріліп жатыр.