АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ресей мен Украина арасындағы соғыс «қауіпті тығырыққа» тірелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Рубио бұл туралы 8 қазанда Португалияға сапары кезінде журналистерге айтты. Оның сөзінше, АҚШ әкімшілігі қақтығысты тұрақты әрі әділ келісім арқылы тоқтатуға күш салуды жалғастырады.
«Біз бұл соғыстың тұрақты, ұзақ мерзімді және әділ келісім арқылы аяқталғанын қалаймыз. Осы бағытта жұмысты жалғастыруға міндеттіміз», – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Рубионың айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі соңғы апталарда соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздерді қайта жандандыруға тырысып жатыр. Украина өкілдері жұма және сенбі күндері АҚШ-қа келіссөздер жүргізу үшін бармақ.
АҚШ мемлекеттік хатшысы қақтығыстың одан әрі өршуі жағдайды қауіпті деңгейге жеткізуі мүмкін екенін ескертті. Оның айтуынша, эскалация НАТО-ға мүше көрші мемлекеттердегі диверсиялық әрекеттерге ұласып, қазіргі екіжақты соғысты әлдеқайда кең әрі қауіпті аймақтық қақтығысқа айналдыруы ықтимал.
Рубио Вашингтон келіссөздерге ықпал етуге дайын екенін айтты. Сонымен бірге АҚШ нақты ілгерілеу болмаса, нәтижесіз процестерге қатысуды жалғастырмайтынын атап өтті.
«Бұл соғыс келіссөздер арқылы аяқталуы керек. Неғұрлым тезірек болса, соғұрлым жақсы. АҚШ осы процеске ықпал етуге дайын», – деді ол.