"Газпром" Ресей газын Украина территориясы арқылы Еуропаға айдауды бүгін, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап тоқтатты. Оның техникалық және заңды тұрғыда мүмкін еместігі айтылады. Украинаның энергетика министрлігі де Ресей газының Еуродаққа транзиті 1 қаңтарда таңертең тоқтатылғанын ресми түрде растады, деп жазады Dalanews.kz.
Алдымен бұл ақпарат "Газпромның" Telegram арнасында жарияланды.
"2019 жылдың 30 желтоқсанында қол қойылған құжаттардың қолданылу мерзімі аяқталды: "Газпром" ЖАҚ пен "Украинаның Нафтогаз" ҰАК арасындағы ресейлік газды Украина территориясы арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы келісім және Ресей мен Украинаның ГТС операторлары — "Газпром" ЖАҚ және "Украинаның газ тасымалдау жүйесінің операторы" ЖШҚ арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісімі", делінген хабарламада.
Сондай-ақ бұл келісімді ұзартуға Украина тарапы қарсы екені нақтыланды.
"Сағат 07:00-де ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін Ресейдің табиғи газын Украина аумағы арқылы тасымалдау тоқтатылды. Украина белгіленген тәртіп бойынша шетелдік серіктестерге хабар берді", делінген Украинаның салалық министрлігі мәлімдемесінде.
Сондай-ақ құзырлы ведомство бұл тарихи оқиға екенін баса айтады. Тараптың пікірінше, бұдан Ресей ірі нарықты жоғалта отырып, зор қаржылық шығынға ұшырайды.
Айта кетсек, бұл тасымал бағытымен Еуродақтағы жалпы тұтыныс мөлшерінің 4,5 пайыз газы айдалады.
Бұған дейін сайтымызда "Газпромбанк пен оның Қазақстандағы өкілдігі АҚШ санкциясына ұшырады" деген мақала жарияланған.