Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрлігіне басқа жұмыстың бәрін қойып, тауарларды таңбалау жүйесінің маңызы мен артықшылықтары туралы бизнесті жан-жақты ақпараттандыру жұмысын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкімет басшысының айтуынша, қазір қолданыстағы тауарларды цифрлық бақылау жүйесі өнімнің санаулы түрлерін ғана қамтиды әрі деректер базасы мен форматтары біркелкі емес. Осыған байланысты Премьер-министр Қаржы және Сауда министрліктеріне басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық салада Ұлттық тауар каталогын енгізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
"Тағы бір маңызды мәселе техникалық реттеу болып табылады. Кәсіпкерлер сертификаттау процедураларының ашық еместігін және қайталана беретін қағаз құжаттарды толтыруға мәжбүр екенін айтады. Бұл мәселелер сертификаттау, аккредиттеу және стандарттау механизмдерін жаңғыртуға бағытталған Е-КТРМ техникалық реттеу жүйесі арқылы шешілуі тиіс. Сауда, Қаржы және Цифрлық даму министрліктері осы жылдың соңына дейін Е-КТРМ жүйесінің барлық салалық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен толық интеграциялануын қамтамасыз етсін, – деді Олжас Бектенов қатулы үнмен.
Үкімет басшысының айтуынша, кәсіпкерлердің көпшілігінде көптеген тауарлар тобын таңбалау аясын кеңейту мәселесіне қатысты сұрақтары бар.
"Тауарларды цифрлық таңбалау жобасы ішкі нарықты контрафактілік әрі сапасыз өнімдерден қорғап, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді. Алайда Сауда министрлігі тарапынан кәсіпкерлерді таңбалаудың маңызы мен оның артықшылықтары туралы ақпараттандыру жұмыстары жеткіліксіз жүргізілген. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жандандырып, таңбалануға жататын тауарлар тізімін одан әрі кеңейтуді жалғастыру қажет", – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің агромаркетплейстер арқылы жұмыс істеуін ынталандыратын тетіктер әзірлеуді тапсырды.
Бұған дейін Үкімет бизнеске арналған жаңа қазақ-қытай маркетплейсін іске қосуды қарастырып жатқаны хабарланған.