Үкімет бизнеске арналған жаңа қазақ-қытай маркетплейсін іске қосуды қарастырып жатыр

Кәмшат Тілеухан 05 там. 2025 11:14

Бүгін Үкімет отырысында сауда министрі Арман Шаққалиев қытайлық жеткізушілермен қолға алынғалы жатқан B2B маркетплейсін құру туралы жобаны жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Арман Шаққалиев айтуынша, Қазақстанда көтерме импортты ретке келтіруге және ШОБ-ты қолдауға бағытталған отандық B2B-платформасын іске қосу жоспарлануда. Бұл алаң рәсімдерді жеңілдету және жеткізушілермен тікелей арналар арқылы интеграциялау үшін цифрлық шешімдерді пайдаланады.

"JD.com және Alibaba тобымен келіссөздер жүргізуді қоса алғанда цифрлық шешімдерді енгізу, рәсімдерді оңайлату және жеткізушілермен тікелей арналар арқылы интеграциялау жоспарлануда. Платформаны толыққанды іске асыру үшін сертификаттау рәсімдеріндегі техникалық кедергілерді алып тастау мәселесі пысықталуда, Қазақстан мен ҚХР Үкіметтері арасындағы 1996 жылғы келісімге өзгерістер енгізу талқылануда",- деді министр.

B2B нысаны жеке тұлғалар үшін емес, "бизнестен бизнеске дейінгі" сауда белгісін білдіреді.

Айта кетсек, маусым айының басында Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарға шетелдік интернет-алаңдарда сатып алынған тауарлар құнының 5% -ын салық түрінде төлеуге міндеттелетінін хабарлады. Сол кезде маркетплейстердегі тауарлар Қазақстанда қымбаттауы мүмкін екені де айтылған. Сондай-ақ сайтымызда маркетплейске байланысты туындаған қиындықтар туралы да жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар