Табақтай дипломмен жұмыс таппай жүрген жас мамандарды көріп жүрміз - депутат

Сағыныш Сардарова 21 мам. 2025 13:15

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, жұмыссыздық мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың бірінші  тоқсанында Қазақстан халқының 4,6 пайызы, яғни 451 515 азамат жұмыссыз деп көрсеткен.

"Бұған кім сенеді? Әр қаладағы жұмыссыз жандар жиналатын жетім бұрышты, табақтай дипломмен жұмыс таппай табанынан таусылған жас мамандарды бәріміз көріп жүрміз ғой.

Менің қолымда 16 мамырда басылған ресми дерек бар, мұнда Қазақстан халқының саны 20 261 486 адам деп көрсетілген. Соның 11 496 447–сі еңбекке қабілетті деп жазылған. Яғни олар жұмыс істеуі қажет", - деді ол.

Оның сөзінше, Қазақстанда зейнетақы жинағына көк тиын аударылмаған және әлеуметтік аударымдары мүлдем жоқ халық саны 5 244 664 адамға жеткен.

"Ендеше Қазақстанда 11,5 миллион адам еңбекке қабілетті болса, оның 5,2 миллионында әлеуметтік аударым мүлдем жоқ болса, демек азаматтарымыздың тең жартысы жұмыссыз демеске амал бар ма? Жұмыссыздар саны 4,6 пайыз деген деректің шындыққа сәйкес келмейтініне осы дәлел емес пе? Сондықтан елдегі жұмыссыздықты жоямыз десек алдымен жалған мәлімет беруді тоқтату керек! Соның салдарынан халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларға берілген қаражат мақсатсыз жұмсалып жатыр. Оған Жоғары аудиторлық палатаның есебі дәлел. Дерек келтірейін, 2024 жылдың 10 айында халықты жұмыспен қамтуға арналған субсидиялық 6 бағдарламаға 180 031 адам қатысыпты. Олардың әрқайсына ай сайын бюджеттен ақша төледік! Соңында соның 26 194-і ғана тұрақты жұмысқа орналасқан", - дейді ол.

Депутат "Жастар практикасы" бағдарламасына 2024 жылы 33 300 қазақстандық қатысқанын, бағдарлама тәртібіне сәйкес олардың  әрқайсына айына 117 960 теңге төленгенін мәлімдеді. Соған қарамастан тек 7400 азамат жұмысқа орналасқан.

"Қазір елімізде 5,7 миллион жас бар, соның 3,7 миллионы еңбекке қабілетті. Еңбек министрлігі 2024 жылы жастарды жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалар арқылы 236 037 жас қазақстандықты қызметке тұрғыздық деп есеп берді. Бірақ былтыр тек 203 607 жас азамат қана зейнетақы қорына аударым жасаған. Қалған 33 мың жастың әлеуметтік төлемдері қайда? Расында олар жұмысқа тұрды ма, жоқ па? Әлде жастар жалған статистиканың құрбанына айналды ма? Немесе мемлекеттік бағдарлама арқылы жастарды әлеуметтік аударымдар жасалмайтын күмәнді жұмысқа тұрғызды ма жауапты органдар? Мұның барлығы Жоғары аудиторлық палатының есебімен дәлелденген деректер.... Біз өзі кімді алдап жүрміз сонда?" - деп ашынды ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар