Станислав Черчесов қызметінен кетті

Көркем Алдабергенова 27 қаң. 2025 13:49 2516
©ФОТО: news.sportbox.ru

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл туралы ҚФФ баспасөз қызметі хабарлады.

Еңбек шарты екі жақтың өзара келісімі бойынша тоқтатылды.

Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін 2024 жылдың маусымында ұстады. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасында 6 матч өткізіп, Норвегия құрамасымен тең ойнап, 1 ұпай жинады.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан жаттықтырушылар штабы толық құраммен кетті.

"Қазақстан футбол федерациясы Станислав Саламұлы мен оның штабына атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, мансабына табыс тілейді!", делінген хабарламада.

Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне үміткерлер тізімі қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Черчесов көпшіліктің сынына іліккен еді. Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қояды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір: "Сен қай тілде сөйлеп тұрсың – французша ма?" деп сөзін бөлді. Сонан соң басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.

Одан кейін көпшілік Станислав Черчесовтің мұнысын қазақ тілін кемсітуге балап, әлеуметтік желіде осы сұқбаттың видеосын жаппай бөлісе бастады. Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бей-жай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады. Көп ұзамай Черчесовке айыппұл салынғаны белгілі болды. Парламентте бұл жайлы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов мәлім етті. Туризм және спорт министрі осы жағдайлардан соң елді сабырға шақырып, желіде жазба жариялады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар