Қазіргі таңда діни экстремизм мен радикалды идеологияның алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекет бұл бағытта кешенді шаралар қабылдап, деструктивті ағымдарға тосқауыл қоюға басымдық беріп отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев айтып берді, деп хабарлайды Dalanews.kz
«Біздің басты мақсатымыз – деструктивті діни ағым өкілдерін дәстүрлі дінге, қоғамдық құндылықтарға бейімдеу және олармен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізу», – дейді басқарма басшысы.
Бахтияр Өнербаевтың айтуынша, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес Қазақстан заңнамасында нақты белгіленген. Қылмыстық кодекстің 256–259 баптарында радикалды идеологияны тарату, діни және ұлтаралық араздық тудыру секілді әрекеттерге жауапкершілік қарастырылған.
«Шымкент қаласында осы баптар бойынша сотталған 70-ке жуық азамат қазір түзету мекемелерінде отыр. Бұл – қоғамда деструктивті идеяларға жол жоқ дегеннің нақты дәлелі», – дейді ол.
Қазіргі уақытта интернет – радикалды идеологияның негізгі таралу арнасына айналған. Осыған байланысты арнайы мониторинг жүйелері мен кибербақылау құралдары іске қосылған.

Сарапшының айтуынша, жастар интернеттегі әр ақпаратқа сене бермеуі керек. Себебі әлеуметтік желілерде фейк және арандатушылық мазмұндағы материалдар жиі таралады.
Қазақстанда бүгінгі таңда 18 конфессия ресми тіркелген. Мемлекет барлық дінге тең мүмкіндік береді, бірақ олардың қызметі заң аясында қадағаланады.
Шымкент қаласында 9 миссионер тіркелген, барлығы жыл сайын қайта тіркеуден өтеді. Сондай-ақ қалада 32 діни бірлестік бар. Олармен мемлекеттік органдар бірлесіп түрлі әлеуметтік және тәрбиелік жобаларды жүзеге асырады.
«Біз діни бірлестіктерді мемлекеттік мерекелерге, экологиялық акцияларға шақырамыз. Мақсат – дінді қоғаммен үндестіру, ортақ құндылықтарды дәріптеу», – дейді басқарма басшысы.
Басқарма жыл сайын колледждер мен университеттерге теолог және психолог мамандарды жіберіп, дін, дәстүр және радикализмнің қаупі туралы дәрістер өткізеді. Бұл – жастардың діни сауаттылығын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі.
Сарапшының айтуынша, дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтар – қоғамды біріктіретін басты негіз. Адасқан ағымдардың ең қауіпті тұсы – олардың адамды отбасынан, ата-анасынан және ұлттық сана мен дәстүрден алыстатуы.
«Біздің дәстүрлі дініміз – ата-анасына қарсы шықпаған, салт-дәстүрін сақтаған, қоғаммен бірге болған дін. Ал деструктивті ағымдар, керісінше, адамды бөлектейді. Сондықтан біз жастарға өз тарихын, жеті атасын, мәдениетін білуге шақырамыз», – дейді ол.
Дін істері басқармасы басшысының пікірінше, қоғамның қауіпсіздігі – әр азаматтың діни және құқықтық сауаттылығына тікелей байланысты. Егер әркім заңды, дәстүрді және ортақ құндылықтарды сыйласа, радикалды идеологияға жол жабылады.
«Біз зайырлы мемлекетпіз. Біз заң мен парасат үстемдік еткен ел болуымыз керек. Сонда ғана үрей мен қорқыныш жоқ қауіпсіз қоғам құрамыз», – деді Бахтияр Өнербаев Әлтайұлы.
