Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуі 1 сағат 40 минутқа созылды

Көркем Алдабергенова 30 қаз. 2025 12:12

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен кездесуі бір сағат қырық минутқа созылды. Әлем назар аударған келіссөздер жабық форматта, Оңтүстік Корея ӘӘК әуе базасында өтті.

Кездесудің басында қос ел басшылары екі елдің туларымен безендірілген залда бір-бірін қарсы алды. Трамп Сиді “ескі досым” деп атап, “ұлы елдің ұлы басшысымен қатар болу — мен үшін үлкен құрмет” деді.

«Біз көптеген мәселелер бойынша келісімге келдік, тағы бірнешеуін дәл қазір талқылап жатырмыз», – деді Трамп.

Ал Си Цзиньпин өз кезегінде АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың “жалпы алғанда тұрақты болғанын” атап өтті. Оның айтуынша, екі ел “ортақ көшбасшылық аясында дұрыс бағытты сақтап қала алады”.

Негізгі тақырыптар: сауда, ядролық қауіпсіздік, тұрақтылық

Келіссөздер Пусан қаласының маңындағы Кимхэ әуежайы жанындағы база аумағында өтті. АҚШ делегациясы құрамында мемлекеттік хатшы Марко Рубио, қаржы министрі Скотт Бессент және сауда өкілі Джеймисон Грир болды.

Ресми мәліметтер жарияланбағанымен, дереккөздердің хабарлауынша, тараптар сауда қатынастары, ядролық қауіпсіздік және аймақтық тұрақтылық мәселелерін талқылаған.

Сарапшылардың пікірінше, бұл кездесу жақында Малайзияда өткен екі ел делегациялары арасындағы сауда бітімін растау сипатында өткен.

Трамптың ядролық сынақтарға қатысты мәлімдемесі

Пусанға сапар алдында Дональд Трамп АҚШ Қорғаныс министрлігіне ядролық қару сынақтарын дереу қайта бастауға бұйрық бергенін жариялаған болатын.

«Басқа елдердің сынақ бағдарламаларына байланысты мен біздің ядролық қаруларымызды тең жағдайларда сынауды бастауды тапсырдым», – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Бұл мәлімдеме Симен кездесуге бірнеше сағат қалғанда жасалып, сарапшылар пікірінше, келіссөздерге белгілі бір шиеленіс енгізген.

Сарапшылар пікірі

Халықаралық дағдарыс тобының аға кеңесшісі Али Уайнның айтуынша, кездесуден “үлкен тосын жаңалықтар күтуге негіз болмаған”.

«Ең басты нәтиже - диалогтың өзі. АҚШ пен Қытай бір-бірінің экономикасына зиян тигізе алатынын көрсетті, енді сол өзара тәуелділікті тежеу құралына айналдыру маңызды», – деді ол.

Кездесу қорытындысы

Шамамен бір жарым сағаттан астам жалғасқан келіссөзден кейін екі көшбасшы ортақ мәлімдеме жасамастан залдан шықты. Трамп көп ұзамай Air Force One ұшағына мініп, елге оралды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар