Кейінгі уақытта әлем алпауыттарының, соның ішінде АҚШ-тың Қазақстандағы сирек кездесетін металдарға қызығушылығы жайлы пікірлер жиі айтылып жүр. Сарапшылардың пайымынша, бұл үрдіс жаһандық державалар арасындағы экономикалық және геосаяси бәсекелестіктің жаңа бағытына айналуы мүмкін. Dalanews.kz агенттігі осы тақырып аясында саясаттанушылар Қазбек Майгельдинов пен Әміржан Қосанның пікірін тыңдап, Қазақстан үшін мұндай жағдай қандай мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлер туғызатынын сұрап білді.
АҚШ-тың мүддесі – қорғаныс қауіпсіздігі
Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов АҚШ-тың сирек металдарға қызығушылығын тікелей қорғаныс саласымен байланыстырады. Оның айтуынша, кейінгі екі жылда америкалық сыртқы саясат түбегейлі өзгеріп, сирек жер элементтеріне ерекше назар ауа бастаған.
“Бұған дейінгі стратегиялық құжаттарда сирек минералдар мүлде айтылмаған болса, 2023 жылдың қыркүйегінде өткен АҚШ–Орталық Азия саммитінде бұл мәселе алғаш рет ресми түрде көтерілді. Ал 2024 жылдың наурызында АҚШ Энергетика министрі Крис Райт пен қазақстандық әріптесі Алмасадам Сәтқалиев кездесіп, сирек металлдар мәселесін талқылады. Бұл бағыттағы қызығушылықтың басты себебі – АҚШ-тың қорғаныс қауіпсіздігі. Себебі шамамен 2000 қару-жарақ платформасында 80 мыңға жуық компонент Қытай бақылауындағы сирек металдарға тәуелді”, – дейді саясаттанушы.
Майгельдиновтың айтуынша, Қытай бүгінде әлемдегі сирек жер элементтері өндірісінің 60 пайызынан астамын, ал қайта өңдеу ісінің 90 пайызын бақылап отыр. Сондықтан Вашингтон бұл бағыттағы тәуелділікті азайту үшін жаңа әріптестер іздеуде.
“Қытай былтыр сирек элементтердің экспортына шектеу енгізді. Бұл жаһандық жеткізу тізбектеріне әсер етті. Сол себепті АҚШ пен Еуроодақ Қытайға тәуелділікті азайту мақсатында белсенді қимылдап жатыр. Еуроодақ 2030 жылға дейін өз қажеттілігінің 10 пайызын ішкі өндірістен, 40 пайызын өз ішінде қайта өңдеуден алуды көздеп отыр”, – дейді сарапшы.
Алайда бұл қызығушылық Қазақстан үшін екіұшты әсер етуі мүмкін.
Бір жағынан, жаңа инвестициялар мен технологиялық трансферті инфрақұрылымдық дамуға серпін берсе, екінші жағынан еліміз ірі державалар арасындағы геосаяси қысымға ұшырауы ықтимал.
“Қазірдің өзінде Ресей уран секторында бақылауын сақтауға тырысып жатыр. АҚШ пен Еуроодақ өз ықпалын күшейтуде. Сондықтан Қазақстанға теңгерімді саясат қажет. Біз бір тарапқа тәуелді болмауымыз керек. Сирек металлдарды өзіміз өңдеп, дайын өнім ретінде экспорттауымыз қажет”, — дейді Майгельдинов.
Ол, сондай-ақ, инвестициялық ашықтықты арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту және тұрақты құқықтық база қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Біз шикізат шылауынан шығуымыз керек - Қосанов
Саясаткер Әміржан Қосан да сирек металдарға қатысты әңгіменің жиілеуін геосаяси мүдделердің айқасымен байланыстырады.
“АҚШ секілді шикізаттың кейбір түріне зәру алпауыттың сирек металдарды сыртқы саясаттың тиімді құралына айналдырғаны – уақыт шындығы. Әрине, бұған дейін де АҚШ және басқа да ықпалды елдер мен одақтар халықаралық қатынастарында өзінің түпкілікті, кейде бір-біріне қарама-қайшы мүдделерін көздеп, соған сай саясат жүргізді. Бар мүдде әдемі (жалпыадамзаттық құндылықтар, демократия, адам құқы және тағы басқа) ұрандармен тұмшаланып тұратын.
Трамп билікке келгелі жағдай күрт өзгергенін барша жұрт көріп, біліп отыр: әр нәрсе өз атымен атала бастады, АҚШ-тың сирек металдарға деген қызығушылығы ашықтан-ашық жарияланып, геосаясаттың құрамдас бөлігіне, триггеріне айналды”, – дейді ол.
Қосановтың пікірінше, Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің басым бөлігі бар Қазақстан дәл осы себепті халықаралық деңгейде ерекше назарға ілігіп отыр. Бұл ел үшін үлкен мүмкіндік болғанымен, егер дұрыс саясат жүргізілмесе, ол тәуелділікке де әкелуі мүмкін. Ол сирек металдарға сұраныс Қазақстанның экономикалық және саяси салмағын арттыра алатынын жеткізді.
“Пайдасына келсек, сирек металдарды (және басқа да қазба байлығымызды) әлемдік экономикалық және саяси конъюнктураға сай мейлінше ұтымды пайдалана аламыз. Яғни, тиісті келіссөздер арқылы екінші жақтың өзімізге қажет шешіміне қол жеткізуге болады. Ал зиянына келсек, біз баяғыдан дамыған мемлекеттердің шикізат шылауына айналып кеткен елміз. Мәселен, өзімізден шығатын мұнай мен газды шикі түрінде сатып жатырмыз. Егер сирек металдар да шикі күйінде сыртқа сатылса, жетістігіміз шамалы болмақ”, – дейді саясаткер.
Ол бұл жағдайда ең тиімді шешім сирек металдарды ел ішінде өңдеп, қосылған құны жоғары өнім ретінде экспорттау екенін айтты.
“Біздің тұралап қалған экономикамыз үшін дәл осындай шешуші қадамдар қажет. Ол үшін мемлекеттік мүддені қорғай алатын мінезді де білікті келіссөзшілер керек”, — деп атап өтті ол.
Саясаткер табиғи ресурстар үшін тартыстың баяғыдан келе жатқанын, алайда қазіргі жағдайда Қазақстанның ұстанымы шешуші рөл атқаратынын айтты.
“Біздегі жер қойнауы байлығына сұраныс бар, соған қол жеткізгісі келетіндердің арасында бәсеке күшейіп отыр. Сұраныс бар жерде ұсыныс болады, ал біздің ұсынысымыз қымбат болуы керек. Қазақстан осы бәсекеде өзін мықты брокер ретінде таныта білуі қажет”, — дейді Әміржан Қосан.
Оның пікірінше, бұл бағытта нақты қадамдар қажет.
“Біріншіден, табиғи ресурстарымыздың толық аудиті керек. Президент Тоқаев геологиялық ізденістерді жандандыру туралы айтып еді. Өкінішке қарай, әзірше ол тапсырманың орындалуы жайында тиісті ақпарат жоқ.
Екіншіден, осы салада бұған дейін қол қойылған келісім-шарттарды сыни, "жаңақазақстандық" көзбен тағы бір сүзіп шығу керек сияқты. Әйтпесе, "Жаңа Қазақстан" "ескі Қазақстанның" шикізаттық шырмауынан шыға алмай қалауы мүмкін”, — деп қосты ол.
Сондай-ақ, саясаттанушы сыртқы экономикалық шешімдердің кейде топтық, кландық, олигархтық сипат алып кететінін айтады.
“Салдарынын мемлекеттік мүдде аяқасты боп жатады. Оны болдырмау үшін, меніңше, қазба байлықтарын шетелдіктермен бірге игеру жөніндегі келісім-шарттар ведомстволық, шенеуніктік деңгейден жоғары тұруы шарт, ол үшін ол құжаттар міндетті түрде Парламентте ратификациядан өтуі тиіс. Сонда ғана ол келісім-шарттар жария болады, кез келген азамат халыққа тиесілі байлық қалай игерілетіні туралы хабардар болмақ. Оның өзі топтық, кландық мүдделерге жол бермейді”, — дейді ол.
Оның пікірінше, Қазақстанның жер қойнауына қызығушылық танытып отырған алпауыт мемлекеттердің арасында да өзара бәсеке бар.
“Меніңше, олармен келісім-шарт жасағанда бізге сыртқы экономикалық саясатты да диверсификациялау қажет. Сол кезде ғана бір елге тәуелді боп қалу қаупінен құтыламыз”, — деп түйіндеді ол.
