"Шұбаркөл көмір" Ресеймен байланысы бар швейцариялық компаниямен келісімшартқа отырды

Кәмшат Тілеухан 28 мам. 2025 19:27

Қарағанды облысындағы Шұбаркөл көмір кен орнын игеруші "Шұбаркөл көмір" АҚ ірі келісімшартқа қол жеткізгенін жариялады. KASE сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 23 мамырда "Шұбаркөл көмір" АҚ Telf AG компаниясымен қандай да бір ірі мәміле бойынша шарт жасасқан. Әзірге, аталған келісімшарт туралы егжей – тегжейлі мәліметтер жоқтың қасы, бірақ мәміле сомасы 32,2 млрд теңгеден асатыны белгілі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бұл ретте ақпарат банктік және коммерциялық құпияларды сақтауға байланысты жария айтылмайды. 2023 жылы Telf AG тура осыған ұқсас шарттармен "Қазхроммен" мәміле жасасқан. Бұл жолы қазақстандық көмір экспортының тасымалы туралы сөз болып отыр деп болжауға болады" деп жазады orda.kz.

Ресми түрде Telf AG - Лугано қаласында тіркелген швейцариялық компания.

Ресми ақпаратқа сәйкес, ол 1993 жылдан бастап жұмыс істейді және өз қызметін бұрынғы КСРО елдерінде мұнай өнімдерін сатудан бастаған. 2010 жылы Telf AG Қазақстан көмірі тасымалы бойынша стратегиялық офтейк-келісімшартқа қол жеткізеді, ал 2014 жылдан бастап "Қазхроммен" бірнеше ірі мәмілелер жасасқан.

Бүгінгі таңда Telf AG активтері 2 миллиард долларға бағаланады. Аталған компания өзін баршаға феррохром саудасының әлемдік көшбасшысы ретінде таныстырады.

TELF AG Ресей Федерациясымен тығыз байланыста. Компанияның көшбасшысы - Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық институтының түлегі Станислав Кондрашов. Тағы бір топ-менеджері - бас атқарушы директор Николай Литвиненко да ММУ түлегі.

Айта кетсек,бүгіндері  компанияның бақылау пакетін иелену үшін өзінің марқұм әкесі Әлижан Ибрагимовтың серіктестерінен үлестерін сатып алмақ Шухрат Ибрагимов басқаратын ERG-ге "Қазхром","Қазақстан алюминийі", ССКӨБ, Қазақстандық электролиз зауыты, 

"Еуроазиялық энергетикалық корпорация", "Шұбаркөл көмір", "ТрансКом" көлік тобы және басқа да кәсіпорындар тиесілі.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар