Ибрагимов ERG-дағы Шодиев пен Машкевичке тиесілі үлесті сатып алуға ниетті - шетелдік БАҚ

Кәмшат Тілеухан 22 мам. 2025 12:04

Шухрат Ибрагимов компанияның бақылау пакетін иелену үшін өзінің марқұм әкесі Әлижан Ибрагимовтың серіктестерінен ERG-дегі үлестерін сатып алмақ. Кәсіпкердің осындай жоспары барын, тіпті мәміле сомасы туралы күні кеше өз дерек көздеріне сілтеме жасап, Financial Times басылымы жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шухрат Ибрагимов ERG-дің тізгінін 2024 жылдың қазан айында қолға алды. Басылымның хабарлауынша, ол Патох Шодиев пен жақында қайтыс болған Александр Машкевичтің мұрагерлеріне компанияның 40% акциясын сатып алғысы келетінін айтып, ұсыныс жасаған.

Ибрагимов ERG-де 2015 жылдан бастап жұмыс істейді, 2021 жылы әкесі Әлижан Ибрагимов қайтыс болғаннан кейін директорлар кеңесі құрамына да енді.

ERG-дың негізін 1994 жылы Әлижан Ибрагимов, Александр Машкевич және Патох Шодиев қалаған болатын. Үш отбасының әрқайсысы шамамен 20% акциядан еншілеген, ал қалған 40%Қазақстан үкіметіне тиесілі.

2024 жылы компанияның негізін қалаушылар өз құқықтарын мұрагерлерге беру процесін бастады. Алдымен Шодиев компания тізгінін ұлы - Сабырға берді, Машкевичтің орнына оның жиені Эдуард Сурлевич келді. FT мәліметінше, сол кезде акцияларды сату туралы келіссөздер басталған, бірақ олар 2024 жылдың наурызында Александр Машкевич дүние салғаннан кейін жандана түсті.

Басылымның дереккөздері Шодиев пен Машкевичтің отбасылары өз үлестерін сатуға дайын екендіктерін айтқан, бірақ компания құнын бағалау жағы даулы мәселеге айналған. Олар өздерінің акциялары үшін 1,8 миллиард долларға дейін ақы сұрапты, бірақ Ибрагимов одан аз сома ұсынған.  

Сондай-ақ, тараптар Ибрагимовтың басқа бірлескен активтердегі (Еуразиялық банк және "Еуразия" сақтандыру компаниясы) үлесін мәміле сомасының бір бөлігі бойынша қосымша қолма-қол ақшамен есепайырысу түрінде айырбастау мүмкіндігін талқылауда.

ERG құпия қалдыруды жөн көріп,  келіссөздер барысына қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. Ибрагимов, Шодиев және Сурлевич өкілдері де FT жолдаған сауалдарға жауап бермепті. Басылымның хабарлауынша, Қазақстан Үкіметі ERG-дің ұзақ мерзімді және тұрақты негізгі акционерінің болғанына мүдделі, бұл Ибрагимовтың әрекеттерін қолдауды білдіруі мүмкін.

21 сәуірде Reuters халықаралық агенттігі америкалық кәсіпкер Джеймс Кэмерон Eurasian Resources Group-ты 5 миллиард долларға сатып алғысы келетінін хабарлады. Басылымның мәліметінше, инвестор ERG Директорлар кеңесіне келіссөз жүргізу үшін ұсыныс хат жолдаған. Reuters тараптар арасындағы келіссөздер 2024 жылдың аяғынан бастап жүргізіліп жатқанын хабарлады. Кейінірек Шухрат Ибрагимов компанияны сату туралы аталған қауесетті жоққа шығарды. Ол "ешқандай келіссөздер жүргізіліп жатпаған", ал БАҚ-тағы ақпараттар алып-қашпа сөздер екенін нақтылады. Наурыз айының ортасында Bloomberg Шодиев пен Машкевичтің отбасылары банк, сақтандыру компаниясы және брокерлік компаниядан тұратын "Еуразиялық қаржы компаниясындағы" үлестерін сатқысы келетінін хабарлады, бірақ Ибрагимов бұған қарсы көрінеді.

Ол компанияның директорлар кеңесінің тәуелсіз директорын сайлау туралы жоспарланған шараның күшін жоюды сұрап,  сотқа жүгінді.

ERG Люксембургте тіркелген және табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы ірі кәсіпорындардың басын біріктіреді: Қазақстандағы ферроқорытпа, темір кені, алюминий, көмір және энергетикалық активтер. Сонымен қатар, ERG Африкадағы мыс-кобальт жобаларына еге және Бразилияда темір рудасын өндіру жобасын жүзеге асырады.

Қазақстанда оған "Қазхром", "Қазақстан алюминийі", ССКӨБ, Қазақстандық электролиз зауыты, "Еуроазиялық энергетикалық корпорация", "Шұбаркөл көмір", "ТрансКом" көлік тобы және басқа да кәсіпорындар тиесілі.

Айта кетсек, ERG-дың мойнында 4 млрд доллар қарыз бар, оның үстіне компанияның соңғы екі жылда шығындары артуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар