Ұлыбританиялық Tax Justice Network (TJN) ұйымы ауқатты адамдардың есебінен ұлттық бюджетті толықтырудың қызықты тәсілін ұсынды деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Шектен тыс байлыққа салық: әлем елдері байларға салық салғаннан не ұтады?" деген қомақты құжатта дәулеті асып-тасып жатқан адамдарға салық салу арқылы Капказ бен Орталық Азия елдері мол табысқа кенелетіні туралы нақты деректер келтірілген.
"Сол арқылы экономикалық және әлеуметтік мәселелер шешіліп, климаттың өзгеруі, жаһандық жылыну сияқты проблемаларға тосқауыл қоюға болады", - дейді ауқымды аналитиканың авторлары.
Әр елдегі ең бай адамдарға азғантай ғана мөлшерде — 0,5 пайыздай салық салынса, 2 трлн доллардан астам қаражат жиналады екен. Бұл ретте TJN испаниялық салық үлгісін модель ретінде ұсынып отыр.
TJN жоспарына сәйкес, әр елдегі шектен тыс бай адамдар белгіленген мөлшерден асатын активтеріне салық төлеуі тиіс. Бұл салық мөлшері 1,7%-дан 3,5%-ға дейін өзгеріп отырады. Жоспар байлыққа салық салуда орта тапқа ауыртпалық түсірмес үшін жоғары шекті белгілейді, яғни салық тек өте бай адамдарға ғана салынады.
Аталған зерттеудегі есеп-қисапқа үңілген Dalanews тілшісі Капказ бен Орталық Азия елдері осы үлгіні қолдана отырып, жүздеген миллион қосымша табыс таба аларына көзі жетті.
Мәселен, Қазақстанда 61 мың азаматты байлық салығын төлеуге міндеттеуге болады. Бұл салық тек белгілі бір мөлшерден асатын активтері бар адамдарға ғана салынады. Қазақстанда байлық салығын төлеу үшін ең төменгі актив шегі – 819 381 доллар. TJN ұйымының қазіргі салықтар мен басқа да факторларды ескеріп жасаған бағалауына сәйкес, осы салық жүйесі енгізілсе, Қазақстан үкіметі қосымша 3,7 миллиард доллар табыс табар еді.Түскен ақшаны көктемде су басқан аймақтарды қалыпқа келтіруге жұмсауға болады-мыс.
TJN бұл ұсыныстың халықаралық деңгейде қабылдануын қамтамасыз ететін әрекеттер жоспарын жіліктеп жазбаған. Мұны іске асыру үшін халықаралық ашықтық ережелері қатаң енгізілуі керек. Одан қала берді ұйым Жаһандық активтер тізімін жасауды ұсынған.
"Қазіргі уақытта дәулетті адамдар халықаралық салық ережелерін өз пайдасына жұмсап, активін сақтау үшін небір құйтұрқы тәсілдер тауып алады. Сондықтан байлыққа салық салған кезде компания мен активтің қандай түрі болса да ашық көрсетілуге тиіс", - делінген құжатта.