Күндердің күнінде ауқатты отбасын басқарып отырған әке баласын ертіп, шалғайда жатқан бір ауылға барады. Мақсаты - баласына адамдардың қаншалықты кедей, жарлы болуы мүмкін екенін және өздерінің дәулеті шалқып тұрғанын көзімен көрсету.
Өте кедей тұрмыс кешіп жатқан бір отбасын таңдап, солардың үйінде бір күн, бір түн өткізеді. Жолдан қайтқанда әкесі үлкен бір іс тындырғандай: «Балам, адамдардың қаншалықты кедей болуы мүмкін екенін байқадың ба?» - деп сұрайды. Баласы да жұлып алғандай бірден жауап қайырды: «Иә, әке, көрдім!»
- Енді содан көкірегіңе не түйдің, - деп сұрады әке масаттана.
- Менің байқағаным мынау, әке. Біздің үйде бір ит болса, оларда төрт ит бар екен. Бізде бақшамыздың ортасын алып жатқан қауызымыз бар болса, оларда терең де мөлдір көлдері бар екен. Біздің ауламызды жасанды шамдар жарық төгіп тұрса, оларда жарқырап тұрған жұлдыздар бар екен. Біз тек өз есігіміздің алдын ғана көреміз, олар сонау көкжиекке дейін еркін көз жүгірте алады екен.
Баласы сөздерін аяқтағанда, әкесі айтарға сөз, сүйенерге дәлел таппай дал болып отыр еді. Сол кезде баласы қосымша тағы бір сөз айтты:
- Әке, біздің қаншалықты жарлы екенімізді көрсетіп бергеніңе рахмет, Алла разы болсын.
Даналық мәнісі
Лұқман хәкім Алланың әулие құлдарының бірі болумен қатар, әдеппен сөйлейтін, парасат-пайымы жоғары әрі әдемі сөздерімен, ерекше білімдарлығымен басқалардан оқ бойы озық тұрған.
Осындай адами қасиеттерін аңғарған бір кісі оған:
- Мал баққан қойшы болсаң да, ел осы неліктен сенің сөзіңе құмар? - деп сұрайды. Сонда ол:
- Өйткені мен көзімді харамға жұмдым, тым еркіне жібермей тілімді тістедім, аз тамақтандым, уәдемде тұрдым, маған қатысы жоқ нәрселерге көңіл аудармадым, - деп жауап береді.
Хәім Лұқманның қожайыны оған бір қой сойып, соның ең жақсы жерінен кесіп әкелуін тапсырғанда, ол ойланып жатпастан сойған қойының тілі мен жүрегін кесіп әкелген екен.
Қожайыны оған артынша тағы бір қой сойып, бұл жолы ең жаман екі жерін кесіп алып таста дегенде, ол тағы да ойланып жатпастан қойдың тілі мен жүрегін кесіп алып тастайды.
Бұған таңғалған қожайыны оның мәнісін сұрағанда:
- Таза болса, тіл мен жүректен асқан жақсы нәрсе жоқ, ал арам болса, тағы да тіл мен жүректен асқан жаман нәрсе болмайды, - деп түсіндіреді.
Одан бір күні:
- Адамдардың қайсысы білімдірек? - деп сұрағанда:
- Басқалардың білімінен көбірек пайдалана отырып, өз білімін арттыра түскендер, - деп жауап берген.
Халифаның ғұмыры
Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) халифа болып тұрғанда, күніге кешкілік жұмыстан соң, жаяулатып қала сыртына шығып кетеді екен. Қасына ешкімді ертпейді. Қайда баратынын да, не істейтінін де тірі жанға айтпайды. Бірде оны досы Омар (р.а.) аңдиды. Сөйтсе Әбу Бәкір қала сыртындағы жаман лашыққа кіреді. Ет пісірім уақыттан соң шығып, қалаға қайтып кетеді. Ол кеткен соң әлгі лашыққа Омар кірсе, өзі ауру, көзі соқыр кемпір мен бір-екі бала ойнап отыр. Амандасып болған соң, Омар:
– Апа, қалай күнелтіп жатырсыз? - деп жағдай сұрайды. Сонда ауру кемпір:
– Шырағым, көріп отырсың, тұрмыс ауыр. Әйтеуір бір мұсылман күнде келіп, азын-аулақ азық әкеліп, тамақ пісіріп, ыдыс-табақ, кір-қоңымды жуып кетіп тұрады. Оған Аллаһ разы болсын, айналайын, - депті. Мұны естіген Омар:
– Уа, Әбу Бәкір, сен бізге шектен тыс меже қойыпсың. Енді қайтіп біз сенен артық сауап жинаймыз, - деп жылап жіберіпті.