Шымкенттен Үрімшіге тікелей ұшақ қатынайтын болды

Қаракөз Амантай 28 ақп. 2025 12:00 402

Биылдан бастап SCAT әуе компаниясы  Шымкент – Үрімші бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосады. Жаңа әуе бағыты Қытайға сапарды бұрынғыдан да қолжетімді әрі ыңғайлы етпек, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компанияның мәліметінше, рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері орындалады. Ал кері бағыттағы ұшақтар сәрсенбі және сенбі күндері ұшады. Ұзақтығы – небәрі 2 сағат 20 минут.

Үрімшіге қандай мақсатта баруға болады?

Бұл қала - Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы сауда, мәдениет және бизнес орталығы. Мұнда заманауи технологиялар мен Шығыстың дәстүрлі мәдениеті үйлесім тапқан. Сауда орындарындағы түрлі-түсті дәмдеуіштер, жібек мата, тіл үйірер ұйғыр тағамдары... Және де әлемге аты әйгілі базар қатарларынан басқа да қажеттінің бәрін табасыз.

Үрімшінің табиғаты да ерекше. Мәселен, Тянь-Шань таулары, әсем Тяньчи көлі және көптеген табиғи қорықтарына табан тіреп, таза ауасымен тыныстап қайтуыңызға болады.  

Қала ішінде де көрікті жерлері жетіп артылады. Шыңжаңның басты мұражайы - оның экспонаттарының арасында 3000-4000 жылдық мумиялар, соның ішінде әйгілі "Лоулан сұлуы", Ұлы Жібек жолының Жібек артефактілері, будда фрескалары, мүсіндер және т.б. бірегей жәдігерлер бар.

Үлкен алаңы бар әсем Қызыл төбе -  мегаполистің ең тартымды орны. Цзефан ауданындағы орталық көшелерде серуендеп, көптеген жайлы кафелер, мейрамханалар мен дүкендерді аралауға болады.

Билеттер scat.kz. сайтында, SCAT мобильді қосымшасында және басқа да сату платформаларында қолжетімді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар