Балабақшада бүлдіршінді аяғынан сүйреп, оны ұрып-соққан тәрбиеші қылмыстық жауапқа тартылмайтын болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол “тәрбиелеу мекемесі жұмыскерiнің кәмелетке толмаған адамға қатыгездік таныту” бабы бойынша айыпталған еді. Сотта әйелдің кінәсі толық дәлелденсе де, тәрбиеші мен жәбірленуші тараптың татуласуына байланысты оған ешқандай шара қабылданбады.
"Сотталушы өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкініш білдіріп, жәбірленушінің заңды өкілінен кешірім сұрады. Онымен татуласып, оған келтірген материалдық және моральдық залалды толық өтеуіне байланысты сот ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық істі тоқтатып, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатты. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ", - деп мәлімдеді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі Otyrar.kz агенттігіне.
Еске салайық, оқиға қыркүйек айында болған еді. Әлемжеліде тараған видеодан тәрбиешінің баланы аяусыз ұрып, аяғынан сүйреп, төсекке күшпен жатқызғанын көруге болады.
Болжам бойынша, аталған оқиға "Сүлеймен" атты жекеменшік балабақшада орын алған.
Оқу-ағарту министрлігі аталған жағдайдан соң тәрбиеші жұмыстан босатылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар тергеу амалдары жүргізіліп қылмыстық іс қозғалған еді.